Түрік компаниясы Қазақстанда логистикалық инфрақұрылым құрылысына инвестиция салады

Грузовой терминал - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.06.2025
Жазылу
"S Sistem Lojistik" жалпы құны шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайтын заманауи логистикалық және қойма терминалдары желісін салуды жоспарлап отыр
АСТАНА, 28 маусым – Sputnik. Түрік компаниясы Қазақстанда логистикалық инфрақұрылым құрылысына инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Түркияның жетекші логистикалық компанияларының бірі – "S Sistem Lojistik" басқарма төрағасы Хүсейин Барлинмен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы" АҚ-ға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстан аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, оның ішінде жалпы құны шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайтын заманауи логистикалық және қойма терминалдары желісін салу мәселелері талқыланды. Нысандарды орналастыру үшін басым алаңдар ретінде Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау және басқа да ірі орталықтар қарастырылып отыр.
"Тараптар сондай-ақ инвестициялық келісімшарт пен арнайы инвестициялық келісім жасасу мүмкіндігін талқылады. Бұл құжаттар мемлекеттік қолдау шараларын, салықтық преференцияларды және инфрақұрылымдық сүйемелдеуді қарастырады", - деп жазылған хабарламада.
S Sistem Lojistik компаниясы Қазақстандағы жобаларын іске асыруға кірісті — Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы әуежай аумағында логистикалық орталықтың құрылысына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан еліміз бойынша заманауи логистикалық терминалдар желісін құруға бағытталған кең ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болады.
Ғ.Оспанқұлов жоспарланған жобалардың елдің көлік және логистикалық әлеуетін дамыту үшін маңыздылығын атап өтті.
"S Sistem Lojistik" компаниясының ұсынып отырған жобалары ішкі және транзиттік тасымалдарды тиімді ету үшін аса маңызды. Біз логистиканы инвестиция тартудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырамыз, әсіресе экономиканы әртараптандыру және Қазақстанның Еуразиядағы көлік хабы ретіндегі рөлін нығайту тұрғысынан өте маңызды. Өз тарапымыздан біз жобаны жан-жақты қолдауға, жер учаскелерін бөлу, мемлекеттік қолдау шараларына қосылу, сондай-ақ өңірлік әкімдіктермен және салалық органдармен өзара іс-қимылды үйлестіруге дайынбыз", - деді ол.
Барлиннің айтуынша, "S Sistem Lojistik" халықаралық стандарттарға сәйкес жобаларды іске асыруды және ел ішінде де, шет елдерде де жүктерді тиімді тасымалдауды қамтамасыз ететін заманауи инфрақұрылым құруды жоспарлап отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жұмыс координациясын жалғастыруға және тиісті мемлекеттік институттармен, өңірлік әкімдіктермен өзара әрекеттесуге келісті. Қазақстан тарапы бұл бастаманың сәтті жүзеге асуына мүдделілік танытып, оның логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ел экономикасына қосымша инвестициялар тартуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Жаңалықтар
0