"Өнер емес, заң бұзушылық": ІІМ блогерлерге ескерту жасады

© Sputnik / Ксения ВоронинаПолицейский
Полицейский - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.06.2025
Жазылу
Алматы облысында экстремалды видео түсіру кезінде жас жігіт көз жұмды
АСТАНА, 25 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі пранк ұйымдастырып, контент жасайтын азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство соңғы уақытта интернетте пранк және экстремалды көріністер бейнеленген видеолар жиі таралып жатқанын атап өтті.
"Мұндай ойындар мен қауіпті трюктер әлеуметтік желілерде "хайп" үшін жасалуда. Өкінішке қарай, "лайк пен қаралым үшін жарыс" әзіл-қалжың мен дұрыс көңіл көтерудің шеңберінен шығып кетіп жатыр. Авторлар ешкімге зиян келтірмейтін контенттің орнына агрессия, арандату, зорлық-зомбылық көрсетіп, өмірге қауіп төндіретін әрекеттерге барып жатыр", - дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Жыл басынан бері осындай деректер бойынша 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мысалы, Астанада блогерлер лифт ішінде "мәйіт" тасып және балтамен шабуыл жасап, видео түсірген.
"Бұл видео жолаушылардың үрейін ұшырып, қатты қорқыныш тудырды. Аталған қатыгез пранктің барлық қатысушысы 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Алматы облысында экстремалды видео түсіру кезінде жас жігіт келе жатқан көліктің үстінен секірмек болды. Өкінішке орай, бұл әрекет қайғымен аяқталды — ол ауыр жарақат алып, көз жұмды", - деп толықтырды Алекешев.
Оның айтуынша мұндай әзілдер қауіпті ғана емес, сонымен қатар әдеп нормаларына сәйкес келмейді, қоғамдық тәртіпті бұзып, қауіпсіздікке қол сұғып, орны толмас салдарға әкелуі мүмкін. Бұл көріністердің куәгерлері көбіне шок алып, күйзеліске ұшырайды. Ал орындаушылар өз өмірін қатерге тігеді.
Ішкі істер министрлігі ескертеді:
қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын,
дүрбелең туғызатын немесе зиян келтіретін,
адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.
"Блогерлік пен камераға түсіру құқық бұзуға сылтау болмауы керек. Қатыгез пранктер мен қауіпті трюктер — бұл өнер емес, бұл — заң бұзушылық", - деп түйіндеді ІІМ ресми өкілі.
Жаңалықтар
0