Депутаттар Назарбаев Университетінің басшылық құрамына өзгеріс енгізуді талап етті

© Photo : Официальный аккаунт Назарбаев Университета в FacebookНазарбаев Университет
Назарбаев Университет - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.06.2025
Жазылу
Университеттегі басқарушы лауазымдарға кемінде 70 пайыз деңгейінде отандық мамандарды тағайындау ұсынылды
АСТАНА, 25 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова мен Асхат Аймағамбетов Назарбаев Университетінің басшылық құрамына өзгеріс енгізуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің бүгінгі отырысында Сүлейменова үкімет басшысына арналған депутаттық сауалды жариялады.
"Назарбаев Университетінің басшылық құрамын қазақстандық мамандармен толықтыру қажет. Университеттің вице-президенттері, мектеп декандары мен өзге де басқарушы лауазымдарға кемінде 70 пайыз деңгейінде қазақстандық азаматтарды тағайындау мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Бұл стратегиялық басымдықтарды терең түсінетін, заманауи басқару мен білім саласындағы халықаралық тәжірибені игерген ұлттық кадрлар корпусын қалыптастыруға мүмкіндік береді", - дейді Сүлейменова.
Оның айтуынша "Болашақ" бағдарламасы аясында шетелде білім алған мамандарды осындай жоғары жауапкершілік жүктелетін лауазымдарға тағайындау қажет. Сонда олар шетелге кетпей, Қазақстанның ғылымы мен білім беру саласына қызмет етеді.
"Осы ретте Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебі аясында мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен тәрбие ісіне жауапты мамандарға арналған арнайы бакалавриат бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз. Аталған бағдарламаға мемлекеттік білім гранттарын қарастыру арқылы педагогикалық менеджмент және мектепті баскаруға жүйелі кадрларды даярлауға мүмкіндік болады", - деп атап өтті Сүлейменова.
Сондай-ақ ауыл мектептерінің түлектеріне арналған арнайы дайындық бағдарламасын қолға алуға болады.
"Бүгінде Назарбаев Университетінің жанындағы Foundation бағдарламасына негізінен қалалық және инновациялық мектептердің түлектері түсіп жатыр. Ауыл мектептерінің түлектері үшін бұл бағдарлама білім деңгейі мен ортадағы айырмашылықтарға байланысты қолжетімсіз. Осыған байланысты ауылдық мектеп түлектеріне бейімделген, әлеуметтік тұрғыдан әділетті әрі қолжетімді арнайы 1,5 жылдық дайындық (foundation) бағдарламасын әзірлеу қажет", - деді Сүлейменова.
Осы депутаттық сауалға Асхат Аймағамбетов те қосылды.
Жаңалықтар
0