Қазақстан Дубай мен Дохаға рейстерді уақытша тоқтатты

© Photo : Официальный телеграм-канал Air AstanaAir Astana ұшағы
Air Astana ұшағы - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.06.2025
Жазылу
Әуе компаниялары қабылдаған шешім халықаралық тәжірибеге сәйкес қабылданды
АСТАНА, 24 маусым – Sputnik. Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазақстандық әуе компаниялары рейстерді уақытша тоқтатты, деп хабарлады көлік министрлігі.
Министрлік мәліметінше, Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты бірқатар елде ресми түрде шектеулер енгізіліп, азаматтық авиацияға арналған әуе кеңістіктері жабылды.
"Мәжбүрлі шаралар қару қолдану қаупі, навигациялық жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі, әуе қорғанысы жүйелерінің белсенділігі және азаматтық әуе кемелерінің ұшуы үшін жоғары тәуекелдерге байланысты қабылданды", - деп хабарлады министрліктегілер.
Осыған байланысты қазақстандық әуе компаниялары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Дубай мен Доха қалаларына бірқатар рейсті уақытша тоқтатты.
Демек, елімізден шетелге шықпақшы адам саны 683 болса, шетелден елге оралатын адам саны — 1051. Жалпы алғанда бұл жағдай 1 734 жолаушыға әсер етті.
Соңғы мәліметке сәйкес, шектеулер келесі елдерде қолданылады:
Израиль әуе кеңістігі толық жабық;
Иран әуе кеңістігі толық жабық (оның ішінде Парсы және Оман шығанақтары);
Ирак, Иордания, Ливан — зымыран мен дрон шабуыл қаупіне сәйкес ұшуларды уақытша шектеу;
Кувейт, Бахрейн, БАӘ — рейстерді шектеу және тоқтату, ішінара қақтығыс аймағына жақын маршруттарды бұғаттау.

Басқа елдердің әуе компаниялары қандай шешім қабылдады

Әуе компаниялары қабылдаған шешім халықаралық тәжірибеге сәйкес қабылданды.
Ірі халықаралық авиатасымалдаушылар да рейстерді уақытша тоқтатты. Олардың қатарында Air France-KLM, United, American Airlines, Japan Airlines, Air Canada Дубай, Доха және Эр-Риядқа ұшуды тоқтатты.
Qatar Airways ұшу кестесін реттейді.
Etihad ресми ескерту жасады.
Emirates қақтығыс аймағын айналып, ұшуды жалғастырып жатыр.

Жолаушыларға қандай жағдай жасалады

Қазақстандық авиакомпаниялардың Парсы шығанағы елдеріне ұшуға бағытталған рейстерді тоқтата тұруы аймақтағы әскери-саяси жағдайдың күрт шиеленісуіне негізделген мәжбүрлі шара.
Басты мақсат — жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жолаушылар ыстық тамақпен, қонақ үй және трансфермен қамтамасыз етілді.
Тоқтатылған немесе кейінге шегерілген рейстер бойынша жолаушылар тегін қайта бронь қоя алады немесе әуе билеттерінің құнын толық қайтарып ала алады.
Көлік министрлігі авиакомпаниялармен бірлесіп жағдайды жіті бақылауда, қажет болған жағдайда жедел шешім қабылдап, кестені қайта қарау жұмысы жүргізіледі. Рейстер жақын арада қайта жүзеге асырала бастайды деп күтіліп отыр.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.06.2025
СІМ Қатар мен БАӘ-де жүрген қазақстандықтарды сақтық шараларын ұстануға шақырды
Жаңалықтар
0