Әлемдік аренада күштінің құқы дәріптеле бастады – Тоқаев
18:27 24.06.2025 (жаңартылды: 19:02 24.06.2025)
© Photo : АқордаТоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттады

© Photo : Ақорда
Жазылу
Президент журналистер қауымын алдағы Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен құттықтады
АСТАНА, 24 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттады, деп хабарлайды Ақорда.
Президент журналистер қауымын алдағы Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен құттықтап, ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін атап өтті.
"Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Мен бүгін бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін", - деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес екенін айта келе, әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал шиеленісе түскеніне тоқталды.
"Жаһандық қауіпсіздік жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Алпауыт елдердің текетіресі ушығып, кейбір аймақта қарулы қақтығыстар өршіп барады. Әлемдік аренада күрделі, бізге беймәлім, терең түсінуді қажет ететін үдерістер орын алуда. Негізінде, халықаралық құқыққа қатысты ұғымдар араласып кетті. Күштінің құқы дәріптеле бастады", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша ғаламдық цифрлық трансформация бүкіл адамзатқа бұрын-соңды болмаған қиындықтар әкеледі. Әлем жаңа дәуірге қадам басты. Мұнда жасанды интеллект технологиялары мемлекеттің табысты дамуының басты факторына айналады.
"Жасанды интеллектінің кеңінен таралуы кез келген мамандыққа, соның ішінде сіздердің кәсіптеріңізге де мүлдем жаңа талаптар қояды. Көптеген сарапшы келешекте адам еңбегін алгоритмдер алмастыратынын айтып жүр. Алайда бұл өзгерістер журналистиканың жаңа мүмкіндіктерін, шын мәнінде екінші тынысын ашуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде жаңа нейрожелілер сұранысқа ие бірегей контент өндіру үшін қажет ақпаратты іздеп, талдай алатын пайдалы құралға айналды", – деп толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет.
"Осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен таныспын", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиынға ақпарат саласының ардагерлері арнайы шақырылғанына назар аударды.
"Сауық Жақанова, Жарылқап Бейсенбайұлы, Шархан Қазығұл сияқты журналистика майталмандары ортамызда отыр. Сіздер ұлттық ақпарат саласын дамытуға зор үлес қостыңыздар. Тілшілердің тұтас буыны өздеріңізге қарап өсті. Сіздерге зор ризашылығымды білдіремін. Қай салада болсын, адал еңбек лайықты бағалануға тиіс. Бұл – бәріміз бірге құрып жатқан әділетті қоғамның мызғымас ұстанымы", – деді президент.