Сенат Салық кодексін мәжіліске қайтарды
12:15 23.06.2025 (жаңартылды: 12:17 23.06.2025)
© Sputnik / Абзал КалиевПарламент ғимараты

© Sputnik / Абзал Калиев
Жазылу
Салық кодексі аясында жеке тұлғаларды активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды тапсырудан босату ұсынылып отыр
АСТАНА, 23 маусым – Sputnik. Сенат депутаттары Салық кодексінің кейбір баптарына өзгеріс енгізіп, жаңа редакциясын мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
КТС пен ҚҚС
Кодекс аясында салыққа қатысты маңызды өзгерістер өзгеріссіз қалды. Олар:
корпоративті табыс салығының базалық мөлшерлемесі - 20%, банктер мен ойын бизнесі үшін - 25%;
әлеуметтік сала үшін (білім, медицина) КТС мөлшерлемесі кезең-кезеңімен: 2026 жылдан бастап 5%, 2027 жылдан бастап 10%-ке дейін көтеріледі;
ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 3% деңгейінде қалады;
қосылған құн салығының базалық мөлшерлесі 12%-дан 16%-ға дейін арттады;
ауыл шаруашылығы өндіруші заңды тұлғалар үшін есепке жатқызылатын қосымша ҚҚС сомасын 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылады;
дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен медициналық қызметтерді сату үшін құн салығы 2026 жылдан бастап 5%, 2027 жылдан бастап 10% деңгейінде болады;
ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін айналымның шекті мөлшерін 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін төмендетіледі;
Жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі бойынша жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асатын жеке тұлғалар үшін 15%-дық жоғарылатылған мөлшерлеме белгіленеді;
“Сән-салтанат” заттарына салық салу тәртібі бойынша құны 75 млн. теңгеден асатын жеңіл автомобильдер, құны 100 млн. теңгеден асатын ұшақтар мен яхталар бойынша құнының 10%-мөлшерінде акциз енгізіледі.
7 режимнің орнына үшеуі қалады
Бұдан бөлек, арнайы салық режимдері қысқартылады. Үшеуі ғана қалады. Олар:
өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін мөлшерлеме - 4%, шекті табыс – жылына 15 млн. теңгеге дейін, жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ;
Жеңілдетілген декларация негізінде кіріс лимиті – 600 мың АЕК (жылына 2,36 млрд.теңге), жұмыскерлердің санына шектеу қойылмайды, мөлшерлеме - 4%, ал мәслихаттар мөлшерлемені 50%-ға төмендете алады немесе ұлғайта алады (2% пен 6% аралығында);
шаруа және фермер қожалықтары үшін режим сақталады, бірақ бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы енгізіледі.
Декларация тапсырудан босатылады
Салық кодексі аясында жеке тұлғаларды активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды тапсырудан босату ұсынылып отыр. Ал Қазақстанда және одан тысқары жерлерде құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлікті сатып алу кезінде кіріс көздерін көрсетіп, декларациялау міндеті белгіленеді.
Бұдан бөлек, 230 000 АЕК-ке дейінгі дивидендтер түріндегі кірістер үшін – 5%, ал осы шектен жоғары сомаға 15% мөлшерінде белгіленеді.
Айта кетері, мәжіліс кодекстің жаңа редакциясын қабылдаса, осы құжат бірден президентке жіберіледі. Жаңа Салық кодексінің нормалары 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі.