Жаңа пәтерлерді сату тәртібі өзгереді – заң талаптары

© Sputnik / Владислав ВодневВ Нур-Султане 11 мая сняли режим ЧП
В Нур-Султане 11 мая сняли режим ЧП - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.06.2025
Жазылу
Заң күшіне енгеннен кейін үлескерлермен алдын ала шарт рәсімдеуге толығымен тыйым салынады
АСТАНА, 22 маусым – Sputnik. Биыл Қазақстанда жаңа пәтерлерді сату тәртібі өзгереді. Парламент депутаттары тиісті заңды қабылдады. Осы құжаттың аясында үлескерлердің құқығын барынша қорғау жоспарланып отыр. Ал құрылыс компаниялары үшін талаптар күшейтіледі. Sputnik Қазақстан заңның негізгі нормаларын ұсынады.

Негізгі өзгерістер қандай

Алдағы уақытта құрылыс компанияларына үлескерлермен алдын ала шарт, инвестициялау, брондау және тағы басқа келісімшарттар жасауға тыйым салынады. Бұл – заңның негізгі жаңалығы. Бұдан бөлек, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысын аяқтау мерзімін кейінге шегеруге қатысты талаптар күшейтіледі.
Басқа да өзгерістер:
құрылысы жүріп жатқан нысанды әкімдіктің рұқсаты немесе Бірыңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда жарнамалауға тыйым салу;
салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйде жылжымайтын мүлікті ипотекамен сатып алуға тыйым салу;
жаңа тұрғын үйдегі пәтерді тек қолма-қол ақшасыз сатып алу-сату бойынша мәмілелер жүргізу;
тұрғын үй құрылысының ұзарту мерзімін 9 айдан 5 айға дейін қысқарту.
Ал салынып жатқан тұрғын үй нарығында үлескерлердің ақшасын тартудың заңдылығын әкімдіктер бақылайды. Ол үшін үлестік қатысу шарттарын бірыңғай ақпарат жүйесі арқылы міндетті есепке алу талабы енгізіледі.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтың айтуынша, заң күшіне енгеннен кейін үлескерлермен алдын ала шарт рәсімдеуге толығымен тыйым салынады. Үкімет тағы бір құжатты қабылдайды. Онда үлескерлермен жасасуға рұқсат етілетін келісімшарттар көрсетіледі.

Заңды бұзған компаниялар қалай жазаланады

Заңда құрылыс компанияларына қойылатын бірқатар талапты жеңілдету шаралары да қарастырылған. Мәселен, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын толығымен аяқтамай, жергілікті атқару органының рұқсатын алғаннан кейін үлескерлердің ақшасын пайдалануға болады. Бірақ заң талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдың көлемі артады.
Мәселен, үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны және жарнаманы таратқаны үшін әкімшілік айыппұл 2000 айлықтық есептік көрсеткішке, яғни, 7,9 млн теңгеге дейін көбейеді.
Ал халықтың мүддесін қорғау мақсатында азаматтарға тұрғын үйді қауіпсіз сатып алу туралы кеңес беру мақсатында үлескерлерді қолдау орталығы құрылады.
Бүгінде парламент заңды қабылдады. Енді оған президент қол қоюға тиіс.

Құрылыс нысандарын тексеруге болады

Қазіргі кезде Астанада пәтер сатып алмас бұрын үлестік құрылыс нысандарын мобильді қосымша арқылы тексеруге мүмкіндік бар. Ол үшін eGov Mobile мобильді қосымшасында "Тұрғын үй порталы" жүйесіне кіріп, БСН теріп, құрылыс салушының немесе тұрғын үй кешенінің атауын енгізу қажет.
"Тұрғын үй порталы" ақпараттық жүйесінде заңды түрде салынып жатқан барлық нысанның тізімі бар.
"Тұрғын үй сатып алу кезінде қиын жағдайға тап болмас үшін астаналықтар құрылыс салушыдан үлескерлердің қаражатын жинауға рұқсат беру құжаттарын мұқият тексеруге тиіс. Әкімдік, үлестік құрылыс туралы шарт жазбаша түрде жасалатынын, оны міндетті түрде жергілікті атқарушы органда есепке қою керек екендігін еске салады", - дейді әкімдік мамандары.
Ал құрылыс компаниясы үлескерлерден ақшасын тек әкімдіктің рұқсаты негізінде тарта алады.
Жаңалықтар
0