Жолды бүлдіретін көліктер автоматты түрде анықталады – үкімет
17:40 13.06.2025 (жаңартылды: 17:41 13.06.2025)
Жазылу
Қазіргі кезде Астананың кіреберісінде 9 жаңа автоматтандырылған станса орнатылған
АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. Үкімет жолды бүлдіретін көліктерді автоматты түрде анықтау тәртібін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
2026 жылдың соңына дейін республика бойынша 220-ға жуық автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату жоспарланып отыр. Соның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарда 126 станса болады. Жергілікті тас жолдарда да орнатылады.
"Автоматтандырылған өлшеу стансалары фото және бейнежазбалар түсіріп, көліктің маркасын, мемлекеттік тіркеу нөмірін, салмағы мен габариттік параметрлерін, осьтік жүктемелері мен жылдамдығын тіркейді. Көліктің шамадан тыс жүктелуі анықталған кезде жүйе автоматты түрде фотофиксация жасайды, содан кейін ақпарат көлік дерекқорының ақпараттық-аналитикалық жүйесіне жіберіледі", - делінген ресми хабарламада.
Ал көлік комитеті құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды бірден таратып отырады. Қазіргі кезде Астананың кіреберісінде 9 жаңа автоматтандырылған станса орнатылған. Ал республика бойынша ондай құрылғылардың жалпы саны 50 бірліктен асады.