Қазақстан түркі мемлекеттерінің парламенттік дипломатиясын барынша қолдайды – Тоқаев
13:07 12.06.2025 (жаңартылды: 13:08 12.06.2025)
Жазылу
Мемлекет басшысы қазіргі сын-қатерге толы алмағайып заманда өзара ықпалдастықты нығайту аса маңызды екенін айтты
АЛМАТЫ, 12 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті, деп хабарлады Ақорда.
Президент еліміз Парламенттік ассамблея ұсынған тың бастамаларды қолдайтынын айтып, түркі ықпалдастығына үлес қоса беруге дайын екенін мәлімдеді.
"Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. "TURKTIME" ұранымен біз бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Түркі ықпалдастығын тереңдетуге серпін беретін 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырдық. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады", – деді мемлекет басшысы.
Президент Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құруды түпкі мақсатымыз деп атады.
"Бұл тұжырымның ажырамас бөлігі – Таза Қазақстан концепциясы, оны біз түбегейлі іске асыруымыз керек. Таза Қазақстан дегеніміз – тек тазалық қана емес, бұл – халқымыздың болмысын жаңғырту, өркениетті ұстанымдарға қарай бет бұру деген сөз. Мен халықпен, әсіресе, жастармен кездескен кезде оларға үнемі еліміздің келешегі – өскелең ұрпақтың қолында деп айтамын. Бұл – шындық, ақиқат. Сондықтан жастарымыз саналы, ақылды, көзі ашық, ұқыпты, зайырлы және адал болуы керек", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының даму бағдарын айқындап, осы салада нақты реформа жүргізіліп жатқанын айтты.
"Соның арқасында 2024 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі шамамен 290 миллиард долларға жетті. Бұл бір адамның басына шаққанда 14 мың доллар деген сөз. Бірақ алдымызда тұрған түйткілдер аз емес. Оларды ойдағыдай шешу үшін бірқатар маңызды іс-шараларды қолдану керек", – деді мемлекет басшысы.
Атап айтқанда:
ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру,
жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту,
ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсету,
көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру бойынша қазір белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
"Биыл экономикалық өсім 5 пайыздан астам болмақшы. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін түркі мемлекеттерімен тиімді ынтымақтастықты нығайту өте маңызды", - деп толықтырды президент.
Оның айтуынша, Астанадағы алқалы жиын "ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі" деген тақырыпта өтеді. Мемлекет басшысы мұны толықтай қолдайтынын айтты. Қазіргі сын-қатерге толы алмағайып заманда өзара ықпалдастықты нығайту аса маңызды.
"Қазақстан түркі мемлекеттерінің парламенттік дипломатиясын барынша қолдайды. Біз бәріміз тату болсақ, осы құбылмалы заманды аман-есен еңсереміз, экономикаларымыздың дамуына үлкен серпін береміз, төрт құбыламыз түгел болмақ. Бауырымыз бүтін, бауырластығымыз мәңгі болсын!", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиынға Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлері қатысты.