Министрлік көлікті мас күйде жүргізгені үшін жазадан босатуды сұрайтындарға жауап берді

© Sputnik / Абзал КалиевҚазақстандағы тас жол
Қазақстандағы тас жол - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.06.2025
Жазылу
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жылда мас жүргізушілердің кесірінен 2,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді
АСТАНА, 11 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жазадан босатуды сұрайтындарға жауап берді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, соңғы уақытта кейбір азаматтар көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде басқарғаны үшін салынған әкімшілік жазаны жоюды талап етіп жүр.
"Министрлік бұл талаптарды орынсыз деп санайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабында көзделген жауапкершілікті жеңілдетуге түбегейлі қарсымыз. Мұндай қатаң шаралар, соның ішінде 7 жылдық куәліктен айыру жазасы 2020 жылы жайдан-жай енгізілген жоқ. Бұл - заңдағы бап қана емес, жолдағы өмір мен өлімнің арасындағы шекара", - дейді Алекешев.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жылда мас жүргізушілердің кесірінен 2,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. 460-тан астам адам қаза тауып, 3 300-ден астамы жарақат алды.
"Бұл – жай статистика емес. Бұл – қайғы жұтқан отбасылар, жетім қалған балалар, перзентінен айырылған ата-аналар. Мас күйінде көлік жүргізу – жай ғана заңбұзушылық емес. Бұл – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Мас жүргізуші — тек заң бұзушы емес, ол — қылмыскер, ол - тіпті кісі өлтіруші", - дейді министрліктің өкілі.

Алматыдағы жол апаты

Ішкі істер министрлігі Алматыда болған бір жол апатын мысалға келтірді.
"Мас жүргізуші жол жұмысшыларын қағып, соның салдарынан үш адамның екеуі қаза тапты. Өз қызметтерін атқарып жүрген жандардың бір сәтте өмірі үзілді. Бұл – жауапсыздықтың салдары. Мұндай әрекеттерге жолда орын жоқ", дейді Алекешев.
Бүгінде мас жүргізушілерге қарсы қатаң шаралар өз нәтижесін бере бастады. Автокөлік санының өсуіне қарамастан, мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны азайып келеді.
Ал шетелде мұндай құқық бұзушылықтар үшін жаза одан да қатаң. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігін өмір бойына алып қояды, көлікті тәркілеуге дейін барады.
"Адам өмірі заңды саналы түрде бұзған азаматтардың негізсіз талаптарынан әлдеқайда маңызды. Ішкі істер министрлігі жаза шараларын алып тастау немесе жеңілдету туралы кез келген ұсынысты орынсыз деп санайды", - деп түйіндеді ІІМ-ның ресми өкілі.
Сәтбаевта мас жүргізуші жол жиегінде тұрған екі жасөспірімді қағып кетті
Жаңалықтар
0