Алаяқтарға қарсы жүйе халықтың 2,5 млрд теңгесін сақтап қалды - ұлттық банк
17:51 11.06.2025 (жаңартылды: 17:53 11.06.2025)

© Photo : Пресс-служба Национального банка Казахстана
Жазылу
Жүйеде он айдың ішінде 60 мыңнан астам алаяқтық оқиға тіркелген
АСТАНА, 11 маусым – Sputnik. Қазақстанның ұлттық банкі антифрод-орталығының бір жылдық жұмыс нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Антифрод қалай жұмыс істейді
Антифрод-орталық алаяқтықпен күресу үшін құрылған. Ол үшін банктер, микроқаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары мен байланыс операторларын бір жүйеге қосқан. Барлығы жылдам ақпарат алмасып, күдікті операциялар туралы мәліметті жіберіп отырады. Ал мамандар ақша аударымдарын бұғаттайды, я болмаса, қаржы операцияларына қосымша тексеріс жасайды.
"Орталық 10 айдың ішінде 2,5 млрд теңгеден астам шығынның алдын алды, жалпы 60 мыңнан астам оқиға тіркелген. Соның ішінде ең жиі кездесетін алаяқтық түрі – телефон арқылы жасалатын алаяқтық (22%), жалған инвестиция мен "дропперлік" карталарға қатысты операциялар (19%)", - делінген ресми хабарламада.
Бүгінгі таңда антифрод-орталыққа 200-ден астам қатысушы қосылған. Алдағы уақытта орталық басқа да мемлекеттік ақпараттық базалармен интеграцияланады.
Жасанды интеллект қолданылады
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі – цифрлық трансформация басшысы Бинұр Жаленовтің айтуынша, антифрод-орталығы жасанды интеллект көмегімен алаяқтардың схемаларын алдын ала болжау бағытында дамитын болады. Орталық бас прокуратура мен байланыс операторларының деректер базасымен біріктіріледі.
"10 ай ішінде біз жедел дерек алмасу платформасы мен жалпыұлттық сұр және қара тізімдерді қалыптастыру механизмін құрдық. Алдағы уақытта жасанды интеллект технологиялары негізінде сессиялық және транзакциялық антифрод жүйелерінің жаңа даму кезеңін іске қосуды көздеп отырмыз", – дейді Жаленов.
Мінез-құлық белсенділігі талданады
Биыл антифрод-орталықты дамыту аясында сессиялық антифрод бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Соның аясында қаржы нарығына қатысушылардың қосымшаларындағы мінез-құлық белсенділігі кең көлемді деректер негізінде талданады. Бұл өз кезегінде төлем немесе аударым жасалғанға дейін алаяқтық әрекеттерді анықтап, оларды дер кезінде бұғаттауға мүмкіндік береді.
"Алдағы уақытта алаяқтық транзакцияларды дер кезінде анықтап, оларды банктер арасындағы операциялар деңгейінде бұғаттауға мүмкіндік беретін транзакциялық антифродты ұлттық төлем жүйелері деңгейінде енгізу жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, зардап шеккен азаматтарға қаражатын қайтару рәсімін жеңілдету, антифрод-орталықтың функционалын есірткі саудасы мен заңсыз құмар ойындарға қарсы күреске бейімдеу, орталық базаларында тіркелген тұлғалардың қаржы қызметтерін алуына шектеу қою мәселелері қарастырылып жатыр.
