"Жалған мәлімет беруді тоқтату керек": депутат жұмыссыз жүргендердің санын есептеп шықты

© Sputnik / Владислав Воднев"Жалған мәлімет беруді тоқтату керек": депутат жұмыссыз жүргендердің санын есептеп шықты
Жалған мәлімет беруді тоқтату керек: депутат жұмыссыз жүргендердің санын есептеп шықты   - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2025
Жазылу
Ол халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларға жұмсалған қаражатқа толық тексеріс өткізуді талап етті
АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев статистика бюросының жұмыссыздар санына қатысты есебіне сенбейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бюроның статистикасына сәйкес, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан халқының 4,6 проценті, яғни 451 515 азамат жұмыссыз болған.
"Менің қолымда 16 мамырда басылған ресми дерек бар, мұнда Қазақстан халқының саны 20 261 486 адам деп көрсетілген. Соның 11 496 447–сі еңбекке қабілетті деп жазылған. Яғни олар жұмыс істеуі қажет. Бірақ Қазақстанда зейнетақы жинағына көк тиын аударылмаған және әлеуметтік аударымдары мүлдем жоқ халық саны 5 244 664 адамға жеткен! Ендеше Қазақстанда 11,5 миллион адам еңбекке қабілетті болса, оның 5,2 миллионында әлеуметтік аударым мүлдем болмаса демек азаматтарымыздың тең жартысы жұмыссыз демеске амал бар ма? Жұмыссыздар саны 4,6 пайыз деген деректің шындыққа сәйкес келмейтініне осы дәлел емес пе? Жұмыссыздықты жоямыз десек алдымен жалған мәлімет беруді тоқтату керек!", - деді Сәрсенғалиев мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларға берілген қаражат мақсатсыз жұмсалып жатыр. Оған жоғары аудиторлық палатаның есебі дәлел.
"Дерек келтірейін, 2024 жылдың 10 айында халықты жұмыспен қамтуға арналған субсидиялық 6 бағдарламаға 180 031 адам қатысыпты. Олардың әрқайсысына ай сайын бюджеттен ақша төледік! Соңында соның тек 26 194-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан", - деп атап көрсетті депутат.
Ал "Жастар практикасы" бағдарламасына 2024 жылы 33 300 жас қазақстандық қатысқан. Бағдарлама тәртібіне сәйкес, әрбір адамға ай сайын 117 960 теңге төленді. Бірақ тек 7400 адам жұмысқа орналасқан.
"Еңбек министрлігі 2024 жылы жастарды жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалар арқылы 236 037 жас қазақстандықты қызметке тұрғыздық деп есеп берді. Бірақ былтыр тек 203 607 жас қана зейнетақы қорына аударым жасаған. Қалған 33 мың жастың әлеуметтік төлемдері қайда? Расында олар жұмысқа тұрды ма, жоқ па? Әлде жастар жалған статистиканың құрбанына айналды ма? Немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы жастарды әлеуметтік аударымдар жасалмайтын күмәнді жұмысқа тұрғызды ма жауапты органдар?", - дейді Сәрсенғалиев.
Осы орайда мәжілісмен үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, жұмыссыздардың санын есептеу әдістемесін қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларға жұмсалған қаражатқа толық тексеріс өткізуді талап етті. Депутаттың ойынша, кәсіпкерлікке ынталы жастарға микрокредит беруге арналған бағдарламаны қайтадан іске қосу қажет.
156 мыңнан астам жұмыссыз 30,2 млрд теңге көлемінде МӘСҚ-тан төлем алды - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.04.2025
Елімізде 156 мыңнан астам жұмыссыз МӘСҚ-тан 30,2 млрд теңге көлемінде төлем алды
Жаңалықтар
0