"Қолым икемге келмейді": тоққа түскен жігіттің жанайқайына ешкім құлақ асар емес

Кабель
Кабель - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2025
Жазылу
Апелляциялық саты соманы 3 млн теңгеге дейін төмендетті
АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданында 27 жастағы Ержігіт Айдарбекұлы екі жыл бұрын 380 вольттық тоққа түсіп, мүгедек болып қалды. Аудандық сотта мәселесі оңынан шешілген жігіт облыстық сотта жеңілген. Әділдік іздеп жүрмін деген жігітпен Sputnik Қазақстан тілшісі сұхбаттасты.
"Қарлығаш" жекеменшік пәтер иелері кооперативінде жұмыс істеген 27 жастағы Ержігіт Айдарбекұлы тоққа түсіп мүгедек болып қалады.
"Тұрғын үй кешенінің бейнекамераларын қосу керек деді. Коператив иелерінің төрағасы - бастығым "барып қос, тоқты жалғап бер" деді. Бұған дейін ұсақ-түйек ондай жұмыстар істеп жүргенмін. Мамандығым электрик емес, құрылысшы. Барып жалғайын деп үш фазалы рубильникке қолымды соза бергенімде көз алдым жарқ ете қалды. Не болғанын түсінбей қалдым. Сыртқа айқайлап атып шықтым", - дейді Ержігіт.
Өртенген жігітті далада жүрген құрылысшылар құтқарып қалған. Ержігіт Айдарбекұлы жансақтау бөліміне түседі.
Алматыда тоққа түскен Ержігіт Айдарбекұлы
Алматыда тоққа түскен Ержігіт Айдарбекұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2025
Алматыда тоққа түскен Ержігіт Айдарбекұлы
"Қағаз жөнінде бұйрық жоқ, ПИК төрағасы ауызбен тапсырма берді. Қазір екінші топтағы мүгедектік алдым. Жақында үшінші топқа ауыстырды. Бірақ ұйқы көрмегеніме 1,5 жыл болды. Өртенген жерімнің бәрі икемге келмейді, қатып қалған. Түнімен қышып, сыздап ауырады. Өзім еш жерде жұмыс істемеймін, еңбекке жарамсыз болып қалдым. Ауа жетпей тұншығып қаламын", - дейді Ержігіт.
Қазіргі уақытта Ержігіттің омыртқасына зақым келе бастаған. Өйткені кеудесінің күйген тұсы еңкейіп-шалқаюға келмейді.
"Кеудем мен қолым икемге келмейді. 40%-і күйген. Емделейін десем, қаражат жоқ. Оның үстіне күйген жерлерімді сәл де болсын қалпына келтіріп, емдейін десем, Қазақстанда ондай ота жасалмайды екен. Дәрігерлер шетелде ғана емдейді дейді. Іздеп көрдік, бірақ шетелдік дәрігерлер қомақты сома сұрап жатыр. Кінәлі тараптан 10 миллион моральдық шығын талап еттім, оны Қарасай аудандық соты қанағаттандырды. Ал облыстық сотта азаматтық коллегия төрағасы Досымбет деген судья 10 миллион моральдық шығынды үш миллионға дейін түсіріп тастаған", - дейді Ержігіт Айдарбекұлы.
Күйген жігіт жұмысқа жарамсыз, басында баспанасы жоқ. Мүгедектік үшін 55 мың теңге жәрдемақы алады. Емге қаражаты жоқ жігіт 2 жылдан бері кімнен барып әділдік сұрарын білмей жүр.
Алматыда тоққа түскен Ержігіт Айдарбекұлы
Алматыда тоққа түскен Ержігіт Айдарбекұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2025
Алматыда тоққа түскен Ержігіт Айдарбекұлы
Моральдық шығын неге азайды, Ержігіттің мәселесі неге оңынан шешілмеді? Аудандық соттың үкімін облыстық сот неге өзгертті? Sputnik Қазақстан тілшісі Алматы облыстық сотына сауал жолдады. Жауап мынадай:
"10 сәуірде Алматы облыстық соты "Қарлығаш" тұрғын үй кешенінің аумағында жұмыстарды орындау кезінде ауыр жарақат алған Ержігіт Айдарбектің ісі бойынша Қарасай аудандық сотының шешімін қайта қарады. Бұған дейін сот моральдық зиян үшін 10 млн теңге өтемақы тағайындаған. Апелляциялық саты соманы 3 млн теңгеге дейін төмендетті", - дейді ведомстводағылар.
Облыстық сот аудандық сот көп жағдайды ескермеген дейді.
"Моральдық шығынның төмендеу себебі - бірінші сатыдағы сот бірқатар жағдайды ескермеген: жауапкерлердің мүліктік жағдайы, талапкерде ресми еңбек шартының болмауы, сондай-ақ мәлімделген азаптың дәлелдену дәрежесі. Шешім парасаттылық пен әділеттілік критерийлері бойынша түзетілді. Қаулы жарияланған сәттен бастап күшіне енді", - дейді Алматы облыстық сотындағылар.
Қазіргі уақытта кінәлі тарап қалған 3 млн теңгені де төлеуден бас тартып отыр, дейді Ержігіт Айдарбек.
Жаңалықтар
0