Жапаров Кенесары ханға байланысты екі халық арасындағы алауыздыққа жол бермеуге шақырды

© Photo : пресс-служба правительства КыргызстанаҚазақстан мен Қырғызстанның тулары
Қазақстан мен Қырғызстанның тулары - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.05.2025
Жазылу
Қырғызстан президенті Ормон хан шайқаста шынайы жеңіске жеткенін, қиянат жасамағанын мәлімдеді
АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қазақ пен қырғыздың арасында алауыздық тудыратын арандатушылық әрекеттерге бой алдырмауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Көп ғасырлық тарихи жақындықты ата-бабаларымыз "Қазақ, қырғыз – бір туған" деген екен, бұл сөзде терең мағына бар!", - деп жазды Жапаров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол күні кеше ғаламторда қырғыз бен қазақ халқының арасына жік салған видео пайда болғанын атап өтті.
"Арандатушылық үшін оңай тақырыптардың бірі ретінде – он тоғызыншы ғасырдағы тарихымыздың трагедиялық беттері, әсіресе Кенесары ханның қырғыз жеріне басып кіруі және оның өлімімен аяқталған оқиғалар таңдалып отыр", - дейді қырғыз басшысы.
Ол бұл кезеңді жақсы білетінін, өз бетінше көп ізденгенін атап өтті.
"Бұл тақырыптағы көптеген факті Белек Солтоноев, Бегімалы Жамгерчинов сиякты қырғыз тарихшыларының еңбектерінде көрсетілген. Кенесары хан нағыз батыр болған! Бірақ қырғыз жеріне кіріп келгенін және сол әрекетіне лайықты жауап алғанын жоққа шығаруға болмайды. Қанды оқиғалардың алдында Кенесары хан мен Ормон ханның арасындағы келіссөздердің мазмұны, Шу өңіріндегі бірнеше мәрте қазақ-қырғыз шайқастары, Ормон ханның әскери айлакерлік танытып ("Ормон опуза") Кенесары бастаған қосынды жеңгені – соған дәлел", - деп толықтырды Садыр Жапаров.
Оның айтуынша, Ормон хан дала мен таудың нағыз ерлерінің шайқасында бетпе-бет келіп, дұшпанын шынайы жеңген. Қиянат жасаған жоқ.
"Алдымен Кенесары мен Ормонның "хандық" мәртебе үшін таласы болған. Кенесарының бағыну туралы бұйрықты сөзін Ормон хан: "Мен үлкенмін, сондықтан хандық маған лайық" деп жауап бергені тарихи деректерден белгілі. Әрине, Кенесары хан Ормон хан әскерінің аз екенін айтып, бұл жауапты қабылдамады", - дейді Жапаров.
Ол бұл оқиғалар тарихқа айналғанын, одан енді сабақ алу керектігін айтқан.
"Бірақ екі араға от салғысы келетін арандатушылар ақылға келмей жатқаны өкiнiштi. Біраздан бері байқап жүрмін. Екі халықты бір-біріне қарсы қоюды көздеген бір күш пайда болды. Ондайлар екі елдің де ішінде бар. Олар тарихи деректер мен шежіре-аңыздарды қолдарынан келгенше бұрмалап, қырғыздар сыртқы күштермен бірігіп қазақтарға қарсы әрекет етті деген секілді қисынсыз қорытындылар жасап, бүтін бір халыққа тіл тигізіп, отқа май құйғандай, осы тақырыпты өздеріне тиімді жақтан қозғап жүр", - деп атап өтті қырғыз басшысы.
Жапаров қазір заман басқа екенін, қырғыз бен қазақ бірлікті бекемдеу ісімен айналысу қажеттігін мәлімдеді.
Жаңалықтар
0