Темірхан Медетбек дүниеден озды: президент ақынның отбасына көңіл айтты

© Sputnik / Владислав ВодневРезиденция президента Казахстана Акорда
Резиденция президента Казахстана Акорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.05.2025
Жазылу
Қазақстанның Халық жазушысы 81 жасқа қараған шағында дүниеден өтті
АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Темірхан Медетбектің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері, қоғам қайраткері Темірхан Медетбектің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.
"Темірхан Медетбек ғибратты ғұмырын ұлт руханиятына арнаған, төл әдебиетіміз бен өнеріміздің жанашыры болған тегеурінді ақын еді. Көне түркі сарынын жаңғыртқан рухты шығармалары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Қазақ баспасөзінің өркендеуіне елеулі еңбек сіңіріп, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнегелі өмір сүрді. Соңына әдеби бай мұра қалдырған Темірхан Медетбектің жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды", – делінген жеделхатта.
Темірхан Медетбек 81 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды ақын Қасымхан Бегман жеткізді.
"Қаршадайымнан өлеңдерін оқып, қасына ерген асыл ағам, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Темірхан Медетбектің дүниеден озғанын қазір ғана Шолпан жеңгем маған ең бірінші хабарлады. Соңғы аптада Темірхан ағамыздың ауыр халде ауруханаға түсуіне байланысты отбасымен, дәрігерлермен Жазушылар одағының басшылары үнемі хабарласып тұрды", - деп жазды Қасымхан Бегман әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ақын Темірхан Медетбектің жаназасы қашан шығатыны, қонақасы, асы қайда берілетіні жайлы қосымша хабарлайтынын атап өтті.
Жаңалықтар
0