Бектенов президент тапсырмасын созбалаңға салған облыстарды атады

© Photo : Пресс-служба Министерства здравоохранения РКНовые медицинские объекты открылись в Костанайской области
Новые медицинские объекты открылись в Костанайской области - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.04.2025
Жазылу
Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында 6 объект бойынша жобалық құжаттама әзірленбеген
АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов президент тапсырмасын созбалаңға салған облыстарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ұлттық жобаның аясында 650-ден астам ауылда заманауи медициналық пунктер ашылуы қажет. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 120 млрд теңге, ал аудандық ауруханаларды қайта жаңғыртуға 31 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Алайда бүгінде тек бес өңірде - Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында медициналық нысандардың құрылысы толығымен аяқталды.
"Ал Жамбыл, Жетісу, Ұлытау, Ақтөбе, Ақмола мен Қарағанды облыстарында құрылыс қарқыны тым баяу. Мысалы, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында 6 объект бойынша жобалық құжаттама да әзірленбеген", - деді Бектенов бүгінгі үкімет отырысында.
Оның айтуынша Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 8 жоба бойынша мемлекеттік сараптама дайын емес.
"Өңір әкімдері тарапынан дәл осы жобалау және құрылыс жұмыстарына бақылаудың кемшін болуы ұлттық жобаның іске асыру мерзімдерінің созылып кетуіне алып келді. Нысандарды уақытылы тапсыру үшін құрылыс маусымын тиімді пайдалану керек", - деп толықтырды премьер-министр.
Осы орайда денсаулық сақтау министрлігіне барлық 188 медициналық нысанды салу жұмысына апта сайын бақылау міндеті жүктелді.
"Ал құрылыс және өнеркәсіп министрлігі ешқандай бюрократиясыз және көпке созбай, осы жылдың 1 маусымына дейін ауруханаларды жаңғырту бойынша жобалардың мемлекеттік сараптамасын аяқтасын", - деп атап көрсетті Бектенов.
Айта кетері, “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында барлығы 655 жаңа нысан пайдалануға берілуі керек. Жыл соңына дейін қалған 188 нысанды аяқтау жоспарланып отыр. Осылайша, шамамен 1 млн ауыл тұрғыны алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Жаңалықтар
0