"Сатушы шығыңдар, атамын деді": Шерзаттың ісіне қатысты сотта куәгердің жауабы көрсетілді
11:41 28.04.2025 (жаңартылды: 11:47 28.04.2025)
© Sputnik/Айдана ДайыроваМесто жительства и гибели подростка

© Sputnik/Айдана Дайырова
Жазылу
Куәгердің айтуынша, екі қыз көлікте отырған, ал жігіттердің не деп сөйлескенін естімеген
АЛМАТЫ, 28 сәуір – Sputnik. Шерзат Полаттың ісіне қатысты сотта куәгер Элмира Нұрбекованың түсініктеме берген бейнежазбасы көрсетілді. Сол күнгі оқиғаны ол тергеушіге бүге-шігесіне дейін баяндап берген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, оқиға болған күні "Эйфория" дәмханасына барып, тамақ ішкен. Үстелде арақ болған. Ол көңілді кештен қайтпақ болған. Ал кездесуге шақырған таныстары дүкенге соғып, сосын шығарып салатынын айтып тоқтатқан.
"Көлікпен дүкенге бардық. "Мерседес" көлігінің рөлінде қара сұр түсті пиджак киген адам болды, түрін көрсем танимын. Алдыңғы жолаушының орнында Абзал отырды. Артқы орында Нұрқияс, Дана, мен отырдым. Азамат пен бір бала тағы бір көлікпен артымыздан келді. "Мерседес" бірінші жүріп отырды. Көлік тоқтаған соң жігіттер бірінші болып тез шығып кетті. Дүкеннің жанында 5-6 бала тұрды. Соларға барып сөйлесіп тұрды", - дейді Эльмира Нұрбекова.
Куәгердің айтуынша, екі қыз көлікте отырған, ал жігіттердің не деп сөйлескенін естімеген.
"Бес минуттан кейін түстік. Жігіттердің қасынан өтіп, дүкенге жақындадық. Не сөйлескенін естімедік, бірақ мен бұрылып қарағанда бірінің көзі көгеріп, беті жырылып тұрды. Біз дүкенге кіргенде екі бала тұрды. Сатушы ашулы болды. Сатушыдан "темекі сатасыз ба" деп сұрадық. Ол кісі алға қарай 1-2 қадам жасап, қайтадан бұрылып, бізге қарай келе жатып "шығыңдар сыртқа, мен ешнәрсе сатпаймын, қазір атам сендерді. Давай-давай, тез шығыңдар" деді. Біз шығып кеттік. Артымыздан екі жігіт шықты", - дейді Эльмира Нұрбекова.
Сатушы "болды есікті жабамын" деп есікті жаба бастағанда, ана жігіттер жаппайсың деп есікті итере бастады, дейді куәгер.
"Бізбен келген екі жігіт дүкеннің есігін теуіп, дүкеншінің желкесінен ұстап шығарып жіберді. Дүкенге қарама-қарсы бес қабатты ғимарат бар, сол жақтан сақалды жігіттер мылтықпен жүгіріп шықты. Олардың үстінде сұр түсті кеудеше мен қара түсті шалбары болды. Олар "жіберіңдер" деп айқайлап, жоғарыға қаратып бір рет оқ атты. Ол оқты адамдарға қарай көздегенде мен Равильді құшақтап алып, көлікке қарай сүйредім", - дейді Эльмира Нұрбекова.
"Тынышталыңдар деп сабырға шақырмақ болдық. Равиль менің қолымнан сытылып шығып қаша жөнелді", - деп толықтырды ол.
Куәгердің тергеушіге берген бұл түсініктемесінің бейнежазбасы сотта көрсетілді.