"Жеңіп тұрып жеңілдім, қатты жыладым": Назым Қызайбайдың ендігі арманы қандай
14:07 27.04.2025 (жаңартылды: 14:09 27.04.2025)
© Айдана ДайыроваНазым Қызайбай көпбалалы отбасында тәрбиеленген

© Айдана Дайырова
Жазылу
Назым жеке өмірі туралы айтудан бас тартты, десе де өзі сыйлар жігіттің қандай болатынын айтып берді
АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Қазақ қыздарының арасында алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы және Азия чемпионы атанған Назым Қызайбайдың ендігі арманы қандай? Қай кезде қапы қалды, қай кезде шын бақытты сезінді? Sputnik Қазақстан тілшісі боксшы қыздың өзінен сұрады.
Алты балалы отбасынан шыққан Назым Қызайбай 1993 жылы Алматыда дүниеге келген. Отбасында Назымнан басқасы спортпен айналыспайды. Әкесі Алматы облысының Нарынқол ауданынан, ал анасы Шығыс Қазақстандағы Қатон-Қарағай ауданының тумасы. Болашақ чемпион спортты бала күнінен жақсы көрген.
© Sputnik / Айдана ДайыроваНазым Қызайбай көпбалалы отбасында тәрбиеленген

Назым Қызайбай көпбалалы отбасында тәрбиеленген
© Sputnik / Айдана Дайырова
Ол бірінші сыныпта көркем гимнастикаға қатысқан. Кейіннен Жетіген ауылына қоныс аударып, мектепте футбол ойнай бастайды. Сосын таэквондомен шұғылданады. Алайда жаттықтырушысы Корей мемлекетіне көшіп кетіп, Болат Рахимовтың шақыруымен бокспен шұғылдана бастайды. Ақыры өз бағын Алматыдағы спорт мектебінде сынамақ болады. Бәрінен жақсы өтіп, Жұмабек Өмірзақтың шәкірті болады. Сол кезден бастап үлкен жарыстарға қатыса бастайды. Назымға 10-11 жыл Өмірзақ Жұмабек тәлім береді.
2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Долкунжан Кәмековтің шәкірті болып жүр.
"Үй шаруасына пысықпын..."
Назым үй шаруасына пысық екенін айтады.
"Үй шаруасына өте жақсымын. Тамақтың түр-түрін пісіремін. Нанды өзім жабамын. Үйді де тап-таза етіп жинаймын. Қазіргі уақытта үй шаруасына арналған техника баршылық қой, бірақ кішкентай кезден бастап анам кірді қолмен жудырып үйреткен. Сол себепті кірді тап-таза етіп өзім қолмен жуамын", - дейді Назым.
Үйдің ғана емес, түздің де тірлігін дөңгелетіп жүрген чемпион қыз еңбекке келгенде әйел, ер болып бөлініп қажет емес дейді.
"Бала күнімізде отын шауып, даланы тазалап, көмір де таситынбыз. Қыздың, ұлдың жұмысы деп бөлмейтінбіз. Әкемнің мамандығы сантехник, үйде көп бола бермейді. Егер үйде бір нәрсе бұзылып қалса қасына алып отырып үйрететін. Үйдегі сондай жұмыстарға керек құрал-жабдықты маған жинататын. Жалпы жан-жақтымын. Бірақ билеп, ән айта алмаймын", - дейді Қызайбай.
Назым басқа спорт түрлеріне де қызығады. Бірақ онымен айналысуға мүмкіндік бола бермейді. Ал бос уақытында сурет салып, теннис ойнағанды ұнатады.
Назым "Париж - 2024" жылы чемпионатта қола жүлдені қанжығасына байлаған. Байрақты бәсекеде Қазақстанның туын талай желбіреткен чемпион қыз әйелдер спортына жасалып жатқан жағдай жақсы, Қазақстанда бұл спорт дамып жатыр дейді.
© Sputnik / Айдана ДайыроваНазым Қызайбай көпбалалы отбасында тәрбиеленген

Назым Қызайбай көпбалалы отбасында тәрбиеленген
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Жеке ойым қыз балаларға да қолдау көбірек болса деймін. Өз басым спорттық карьерамды аяқтаған соң боксшы болам деген қыздарды дайындап, әлем чемпионы етіп тәрбиелейтін жаттықтырушы болсам деймін. Спортта әйел, болмаса ер деп бөлінбейді. Бәріне бірдей тапсырма беріледі. Қандай қиындық болса да ерлермен бірге еңсереді", - дейді Назым.
Чемпион қыз бауырлары мен туыстарын көп ойлайды. Арманы – қол ұшын беріп, шамасы жетсе көмектесу. Ал болашағы туралы:
"Мен өмір бойы спортта жүрмеймін, бұл еңбек жолының да аяқталатын кезі болады. Спортта сен жақсы нәтиже, жеңіске жетіп жатқанда ғана керексің, ал спорттан қол үзсең керек болмай қаласың. Ондай спортшылар да бар. Уақытында әр нәрсені дұрыс бағалап, спорттан кейінгі өміріңді дұрыс бағамдауың керек", - дейді әлем чемпионы.
Назым Қызайбай алға қойған мақсаттарына үлкен еңбектің арқасында жеткенін айтады. Бұл орайда тікелей жаттықтырушының еңбегі зор екенін жасырмайды. Үш дүркін әлем чемпионы болған қыздың ендігі арманы – төрт дүркін әлем чемпионы болу.
"Қатты қуанған, қатты өкінген сәттерім есімде"
"2016 жылы екінші рет әлем чемпионы атанған кезде Бауыржан Оспанов ағамыз Алматының жанынан үй салып, отбасым сонда көшкен кезде қатты қуандым. Ол 8 адам екі бөлмелі кішкентай үйде тұратын едік", - деп еске алды ол.
Қатты өкінген кезін Назым Азия чемпионатымен байланыстырады.
"Азия ойындары кезінде жеңіске жетуге бір қадам қалған еді. Жеңіп жатырмын деп ойлап, жеңіліп қалдым. Бірінші раундта жеңдім, екінші раундта қарсыласыма берген. Бірақ ағайлар оны дұрыс көрмей қалып, ұтып жатырмыз деп ойлап қалған. Үшінші раундта мен уақыт өткізіп жүргендей болдым, себебі ұтып жатырмын деп ойладым. Сөйтсем есеп жағынан қате кетіппін. Бокстасып біткен соң ұттым деп сенімді тұрғанымда қарсыласымның қолын көтерді. Сол кезде қатты жыладым. Өйткені еш шаршамадым, үшінші раундта жақсылап бокстассам болар еді", - дейді Назым Қызайбай.
"Ер жігіттің кескін-келбетіне қарамаймын"
Назым жеке өмірі туралы айтудан бас тартты, десе де өзі сыйлар жігіттің қандай болатынын айтып берді.
"Мен ер азаматтың түр-сипаты мен кескін-келбетіне еш қарамаймын. Бір сөзді, берген уәдесінде тұратын, өзінің жақынын ғана емес, бар әйелді сыйлайтын ер азаматты сыйлаймын", - дейді Назым.
Жалпы өмірімде маған жақсылық жасаған жандарды ұмытпауға тырысамын деген ол, шын ниетімен жақсылық жасағысы келген адам одан еш қайтарым сұрамайтынын айтады.
"Кейбір адамдар ой менің жолым болмады, жұмыс таппадым, өмірім дұрыс емес деп жатады. Оның бәрі сылтау. Еңбек етемін деген адамға қазір мүмкіндік өте көп. Адам жалқау болмау керек, тек еңбек ету керек", - деп түйіндеді үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай.