Танымал жазушы Әкім Тарази дүниеден өтті

Танымал жазушы Әкім Тарази өмірден өтті
 Танымал жазушы Әкім Тарази өмірден өтті - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.04.2025
Жазылу
Ол 2023 жылы 90 жас мерейтойын атап өткен болатын
АСТАНА, 22 сәуір – Sputnik. Жазушы, драматург Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.
"Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман "Әдебиет әлемінің Әкімі" деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады", – делінген жеделхатта.
Ол 2023 жылы 90 жас мерейтойын атап өткен болатын.

Әкім Тарази туралы не білеміз

Әкім Тарази 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген.
Ал орта мектепті Жамбыл облысындағы Жаңа тұрмыс ауылында тәмамдаған.
1957 жылы Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін аяқтағаннан кейін екі жылдай өзі оқыған мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.
Ал 1960 жылы Мәскеу қаласына барып, Жоғары сценарлық курсқа түсті. Ол:
1962 жыл – "Литературная газета" басылымының Қазақстандағы меншікті тілшісі;
1964 жыл – "Қазақфильм" киностудиясының бас редакторы
1970-1980 жылдары – Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші хатшысы, Қазақ КСР Кинематографистер одағының хатшысы;
1980-1986 жылдары – шығармашылықпен айналды; 1986-1990 жж. – Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы; 1991-1994 жж. – Мәдениет министрінің кеңесшісі; 1993-1996 жылдары – "Қаржы-қаражат" журналының бас редакторы;
1994-2004 жылдары – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры;
2009-2011 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағы филиалының жетекшісі болды.
Әкім Таразидің көптеген туындылары орыс, қытай, поляк, болгар және ағылшын тілдеріне аударылды.
Драматургиялық шығармалары еліміздің театр сахналарында қойылды.
Ал сценарийлері бойынша түсірілген "Тұлпардың ізі", "Арман – атаман", "Қараш-Қараш оқиғасы", "Мұстафа Шоқай", "Қызжылаған" фильмдері қазақ киносының алтын қорына енді.
Жаңалықтар
0