Шерзат Полат өлімі: оқиға орнында болған екі қыздың бірі жауап берді
19:37 18.04.2025 (жаңартылды: 19:48 18.04.2025)
© Sputnik/Айдана ДайыроваШерзат Полат ісіне қатысты сот отырысы

© Sputnik/Айдана Дайырова
Жазылу
Ол сотталушылар – Нұрқияс Ілиясов, Равиль Сакиев пен Абзал Шынасылмен екі күн бұрын танысқан
АСТАНА, 18 сәуір – Sputnik. Бүгін Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысында оқиға орнында болған екі қыздың біреуі жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
33 жастағы Эльмира Нұрбекова ажырасқан. Қазіргі кезде жұмыс істемейді. Сол күні ол оқиға орнына сотталушылармен бірге көлікпен келген. Ал сотта куәгер ретінде жауап берді. Оның айтуынша, сотталушылар – Нұрқияс Ілиясов, Равиль Сакиев пен Абзал Шынасылмен екі күн бұрын танысқан.
"Сол күні маған алдымен құрбым Дана хабарласты. Одан кейін Равиль жазды, кездесейік деді. Мен келістім. Кешкі 8-ге қарай жұмыстан шықтым да, алдымен үйге бардым. Сол кезде Дана хабарлама жазды, сосын Равиль дәмханаға шақырды. Дана менің үйіме келді. Содан бірге бардық", - деді Нұрбекова.
Дәмханада алгогольдік ішімдік ішкен. Абзал Шынасыл да болды. Артынан Азамат пен оның ағасы келген.
"Спирттік ішімдіктер іштік, бірақ мөлшерін білмеймін. Сотталушылар ішсе де, өз әрекетіне жауап беретіндей деңгейде болды", - деді Нұрбекова.
Дәмханадан шыққаннан Нұрқияс пен Равиль қыдарды өз көлігімен үйге апарып тастаймыз, бірақ алдымен бір дүкенге барамыз деген.
"Қара Мерседес болды. Рөлде бір бала (Шыңғыс Белғожаев – Sputnik) болды. Артында мен, Равиль мен Нұрқияс отырды. Біздің артымыздан тағы бір көлік жүріп отырды. Біз бір дүкенге келдік те, жігіттер бірден жүгіріп шықты. Бір топ адам болды. Дана екеуіміз көліктің ішінде отырдық. Сосын Данаға мен темекі сатып алайық дедім. Дүкенге бара жатқанда бір жігітті көрдік, бетінде жара мен қан болды. Дүкенде бізге таныс емес екі адам және сатушы тұрды. Біз темекі сатуды сұрадық. Ол кісі жоқ сатпаймын, қазір қаруымды шығарып, атамын деді. Біз шұғыл дүкеннен шығып кеттік", - дейді Нұрбекова.
Ал сатушы (Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов - Sputnik) дүкенді жауып жатқанда біреу есіктен бір тепкен.
"Мына жақтан Нұрқиясты біреу ұрды. Ол құлап қалды. Осыдан кейін сұр футболка киген және сақалы бар бір бала шүгіріп шықты. Қолында мылтығы болды. Айқайлап, жоғары қарай оқ атты. Сосын қаруды жігіттерге қарай кезеді, артына шегініп, тағы бір рет оқ атты. Оқ атылғаннан кейін бәрі дүкеннің артына жүгірді. Біз қорқып бармадық", - деді Нұрбекова.
Эльмира сотталушы Равильді ұстап қалуға тырысты. Бірақ ол сытылып шығып, дүкеннің артына қарай жүгірді. Ал көмекке шақырған бір әйелдің дауысы шыққанда Нұрбекова өзі де сол жаққа барған. Оның айтуынша, сұр футболка киген жігіт жерде есінен танып жатты. Оны Абзал арқасынан ұрып тұрды. Бірақ немен ұрғанын ашық айта алмады.
"Ұрғанын көрдім, бірақ қолында не болғанын байқамадым. Мен төбелесті тоқтатуға тырыстым. Бірақ ешкім тыңдаған жоқ. Сол кезде жедел жәрдем шақыруға қорықтым. Өзім шок болып тұрдым. Телефоным да сөмкеде қалып қойды. Ал сөмкем көлікте болды. Мені біреу қолымнан тартып, көлікке апара жатқанда жолда телефонмен тұрған бір апаны көрдік. Оған жедел жәрдем шақырыңыз деп айттым. Біз адам өлімі болғанын білмедік. РОВД-ға барғанда бір-ақ білдік", - деді Нұрбекова.
Төбелестен кейін көлікте Равиль де, Нұрқияс та, Дана да болған.
"Тағы бір адам болды. Абзал да болды-ау деймін. Өйткені бәріміз қыстырылысып отырдық. Біз бұрылдық та, кетіп қалдық. Тау жаққа бардық-ау деймін. Есімде жоқ. Жолда тоқтағаннан кейін бізге салонда отырсын деді. Олар өздері далада сөйлесті. Одан кейін қара джип келді. Бізді соған отырғызды. Екі жігіт болды. Үйге бара жатырмыз деп ойладым. Ал тағы бір жерде тоқтағанда полиция ұстап алды", - деді Нұрбекова.