Су қоймаларына жиналған тасқын судың 3,5 млрд текше метрі өзендер мен көлдерге ағызылды
© Sputnik / СтрингерСу қоймаларына жиналған тасқын судың 3,5 млрд текше метрі өзендер мен көлдерге ағызылды

© Sputnik / Стрингер
Жазылу
Суды қоймаларға жинау жалғастырылып, суару кезеңіне дайындық жүріп жатыр
АСТАНА, 15 сәуір – Sputnik. Су тасқыны кезеңі басталғалы Қазақстанның су қоймаларына жалпы көлемі 6,6 млрд текше метр су жиналды. Бұл жайында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.
Су қоймаларындағы бос орынды уақытылы дайындау бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде тасқын судың қауіпсіз өтуі қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда еліміздің су қоймаларына 6,6 млрд текше метр тасқын су жиналды, оның ішінде 3,5 млрд текше метрі өзендер мен көлдерге ағызылды.
"Қазіргі уақытта Қазақстанның су шаруашылығы объектілеріндегі жағдай тұрақты. Барлық су қоймасы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жайық-Каспий және Тобыл-Торғай су шаруашылығы бассейндерінде көктемгі тасқын кезеңі аяқталды. 9 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасынан экологиялық мақсаттағы су жіберу жұмыстары басталды. Қазақстанның оңтүстігіндегі су қоймаларына су жинау жалғастырылып, суару кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр", - деді Нұржігітов.
Министр елді мекендерді су басудың жекелеген жағдайлары негізінен гидротехникалық құрылыстардың жұмысына емес, бедердің жергілікті ерекшеліктеріне және егістіктерден судың келуіне байланысты болғанын айтады.
"Биылғы су тасқынының ерекшелігі - топырақтың қату тереңдігінің төмен болуы. Соның арқасында еріген қар суы жерге жақсы сіңіп, жерүсті ағынының көлемін азайтып, су тасқыны қаупін төмендетті. Ал былтыр керісінше, топырақ терең қатқандықтан, еріген су жерге сіңбей, үстіңгі ағын көлемі көп болған", – деді су ресурстары және ирригация министрі.