Қосылған құн салығына қатысты заң дайын – негізі өзгерістер
© Photo : Pixabay / Shutterbug75Калькулятор, расчеты

© Photo : Pixabay / Shutterbug75
Жазылу
Мәжіліс депутаттары үкімет ұсынған Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда қабылдады
АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Үкімет мәжіліспен Салық кодексінің негізгі өзгерістерін келісіп алды. Төменгі палата депутаттары тиісті заң жобасын бірінші оқылымда қабылдап қойды. Соның ішінде қосылған құн салығына қатысты түзетулер де бар. Sputnik Қазақстан Салық кодексінің негізгі өзгерістерін ұсынады.
Құн салығының шегі қандай болады?
Бұған дейін министрлер кабинеті қосылған құн салығының шегін 78,6 миллионнан бірден 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынған. Бірақ мәжіліс депутаттары 40 миллионмен шектеу қажет деп шықты. Үкімет онымен келісті. Осылайша, енді ақша айналымы 40 миллион теңгеден асатын кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлейтін болады.
Қосылған құн салығының ең жоғары мөлшерлемесі 16 процент болады. Оны банк операцияларына салу жоспарланып отыр. Одан кейінгісі - 10 процент. Бұл салық ақылы медициналық қызметтерге салынады деген жоспар бар. Ауыл шаруашылығы саласында салық режимі өзгермейді.
Құн салығынан босатылатын салалар:
әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер;
кітап басу ісі;
археология;
әлеуметтік маңызы бар азық-түлік;
В2В операциялары.
Айта кетері, В2В операциялары – бұл тікелей халыққа ұсынылатын қызметтер. Осылайша, үй жанындағы дүкендер, шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлемейді.
Арнаулы салық режимі қала ма?
Қазіргі кезде кәсіпкерлер үшін 7 арнаулы салық режимі қарастырылған. Үкімет үшеуін ғана қалдыруды ұсынып отыр. Олар:
1.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдетілген режим;2.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;3.
Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі.Шағын және орта бизнес дәл сол оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимінде жұмыс істей алады. Негізгі талаптары:
кіріс лимиті – қазіргідей 600 мың АЕК (2025 жылда 2 359 200 теңге);
қызметкерлер саны бойынша шектеулер алынып тасталады;
салық мөлшерлемесі - 4% және оны мәслихаттар 50%-ға дейін төмендете алады.
Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер болып тіркелу тәртібі өзгереді. Атап айтқанда, бұрын бұзушылық жасағандар, қосымша бірақ жұмыс істемейтін "ИП" ұстап отырғандар үшін жаңа жеке кәсіпкер болып тіркелу процесі қиындай түседі. Тура сондай талаптар заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.
Байлық салығы болады
Салық кодексі аясында "сән-салтанат салығы" да енгізіледі. Оған сәйкес, тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салынады. Мәселен, жылжымайтын мүлік құны 450 миллион теңгеден асатын болса, мүлік салығының мөлшерлемесі жоғары болады. Ал құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге, сондай-ақ қымбат теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына акциздер енгізіледі.
Сондай-ақ, қымбат алкогольдік сусындар мен сигараларға 10 проценттік акциздер енгізу ұсынылып отыр.
Жоғары жалақы алатындарға да салық артады
Үкімет жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін де ойластырып қойған. Оған сәйкес, жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен (2025 жылы 33 422 000 теңгеден) асатын адамдар үшін 15 проценттік табыс салығы болады. Осылайша, айлықтың көлемі 2,7 млн теңге болса, одан 400 мыңдай ұсталады.
Қазіргі ұсынысқа сәйкес, 3 млн теңгеге дейінгі жалақыға қазіргі мөлшерлеме - 10 процент қолданылады. Ал ай сайынғы табыс 3 млн теңгеден асса, онда 15 процент ұсталады.
"Бұл дегеніміз, байлар көп төлейді. Бүгінде алдын ала есепке сәйкес, ондай адамдардың саны шамамен 30 мың адамды құрайды", - дейді шенеуніктер.
Қазіргі кезде ай сайын 3 млн теңгеден артық алатындардың басым бөлігі қаржы және тау-кен саласында жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметкерлер де бар.
Корпоративтік табыс салығы қалай өзгереді
Салық кодексінің жаңа жобасына сәйкес, әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы 2026 жылдан бастап 5%, 2027 жылы 10% дейін көтеріледі.
Өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20% мөлшерлемесі бойынша салық салынады.
Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады, бірақ жекелеген секторлар үшін жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Атап айтқанда, банк және ойын секторы 25% төлейді.
Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлеме 3% деңгейінде қалады.
Айта кетері, мәжіліс депутаттары үкімет ұсынған Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Екінші оқылымға дейін оған басқа да ұсыныстар енгізілуі мүмкін.