Радиоактивті қалдықтарды игеру жөніндегі жаңа заң жобасы әзірленеді

© Sputnik / Павел Лисицын / Медиабанкке өтуЗнак радиационной опасности
Знак радиационной опасности - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.03.2025
Жазылу
АСТАНА, 31 наурыз – Sputnik. Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды игеру жөніндегі жаңа заң жобасы әзірленеді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Оның аясында ядролық қауіпсіздік саласына қатысты бірқатар түзетпе енгізу қарастырылған.
Осыған байланысты мәжіліс депутаттары Алматыдағы Ядролық физика институтына барып, бейбіт атомды пайдалану бойынша отандық жобалармен танысып, заң жобасын әзірлеу тәсілдерін ғалымдармен бірге талқылады.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, жаңа заңнамалық нормалар елде АЭС салу және атом саласын дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасауды көздейді. Бұл ретте МАГАТЭ-нің халықаралық талаптары ескеріледі.
"АЭС бойынша референдум кезінде халықты ең алдымен стансаның қауіпсіздігі алаңдатты. Сондықтан бұл саланы ең озық халықаралық стандарттарға сәйкес заңнамалық тұрғыдан реттеу қажеттілігі туындады. Депутаттар түзетулер әзірледі. Олар Мәжілісте ашық талқылаудан өтіп, қоғамның және барлық мүдделі тараптардың пікірлері ескеріледі. Жаңа заң жобасы қоғамдағы барлық фобияларды сейілтіп, қазақстандықтардың сұраныстарына жауап беруге тиіс", – деді мәжіліс спикері.
Депутаттар болашақ АЭС-тің шағын көшірмесі саналатын ВВР-К зерттеу реакторымен танысты. Ядролық физика институтының бас директоры, физика-математика ғылымының докторы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Саябек Сахиев институтта жоғары білімді мамандарды тәжірибелік тұрғыда даярлауға арналған база бар екенін атап өтті.
Институт құрамында 23 ғылыми-зерттеу зертханасы және 3 ғылыми-техникалық орталық заманауи сараптамалық жабдықтармен және сынақ жабдықтарымен жабдықталған. Бүгінде онда 700-ге жуық адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ сапар барысында депутаттар радиофармпрепараттар өндірісі кешенімен танысты. Онда Қазақстандағы жалғыз Cyclone-30 қондырғысы жұмыс істейді. Кешен медициналық және өнеркәсіптік мақсаттағы кең ауқымды радиоизотоптар өндіреді. Олар жүрек және қатерлі ісік ауруларын диагностикалау үшін қолданылады, сондай-ақ Германия, АҚШ, Франция және Ресейге экспортталады.
Жаңалықтар
0