"Далаға сүйреп шығардым": Курьер баланы зорлықтан қалай құтқарғанын айтты
18:13 27.03.2025 (жаңартылды: 18:14 27.03.2025)
© Sputnik / Владислав ВодневКурьер, архивтегі фото

© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
Күдікті бейнебақылау камераларының көмегімен анықталып, полиция бөліміне жеткізілді
АЛМАТЫ, 27 наурыз – Sputnik. Павлодарда баланы зорлық-зомбылықтан құтқарып қалған курьер Ерлан Жұмағұлов оқиғаның қалай болғанын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Көпқабатты үйлердің бірінде 9 жастағы балаға ер адам тиіспек болған. Дәл сол сәтте тапсырысқа барған Ерлан Жұмағұлов баланы арашалап қалады.
Оқиға 19 наурызда сағат 16:00 шамасында болған.
"Курьер болып бір тапырысқа бардым. Подъезде ер адам кішкентай баланы құшақтап отыр екен. Ер адамның түрі европалық, бала қазақ. Баланың түрі біртүрлі көрінді. "Тиісіп жатыр ма?" деп сұрадым. Бала басын изегендей болды. Ер адамды жұлқып далаға сүйреп шықтым. Ол менің балам деп айқайлай бастады. Баладан сұрасам, "әкем емес" деді", - дейді Ерлан Жұмағұлов.
Ерлан балаға айналғанда күдікті қашып кеткен.
"Артынан біраз қудым. Бірақ курьерлік тапсырыс тұрған соң кері қайттым. Тапсырыс берген пәтердегі кісілерден сұрасам, жаңағы кішкентай бала көрші пәтерде тұрады екен. Сондағы кісілерге байқаңыздар, осындай кісі жүр деп ескертіп кеттім. Баланың денесіне қолын жүгіртіп тиіскен, бірақ арам ойын іске асырып үлгермей қалған", - дейді Ерлан.
© Sputnik / Айдана ДайыроваЕрлан Жұмағұлов

Ерлан Жұмағұлов
© Sputnik / Айдана Дайырова
Кейіннен полиция Ерлан Жұмағұловтың үйіне келіп, түсініктеме алған. Балаға тиіспек болған күдікті ұсталған.
"Кеше онлайн сот болған. Мені онлайн қосады деген, бірақ қоспады. Негізі бұл ерлікке жатпайды. Кез келген адам солай істер еді", - дейді ол.
50 жастағы Ерлан Жұмағұлов көпбалалы әке, үш қыз, бір ұлы бар. Павлодардағы "Sport-city" мұз аренасында электрші болып қызмет етеді, арасында курьер ретінде нәпақасын табады.
Полиция ұсталған адамның сырқат екенін айтты.
"Күдікті бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды. Ол полиция бөліміне жеткізілді. Жауапкершілікке тарту үшін материалдар жиналды. Сот процесінен кейін ер адам ауруына байланысты мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды", - дейді Павлодар облыстық полиция департаменті.