Санаулы сағаттардан кейін қасиетті Қадір түні басталады

© Sputnik / Санат ИмангалиевКурбан айт 2023
Курбан айт 2023 - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.03.2025
Жазылу
АСТАНА, 26 наурыз– Sputnik. Наурыз айының 26-сынан 27-сіне қараған түн — Қадір түні.
Биыл мың айдан да қайырлы Қадір түні 26 наурыздан 27 наурызға қараған түнге түсіп тұр. Яғни бүгін күн батқан уақыттан бастап Қадір түні кіреді.

Қадір түні – сансыз сауапқа бөленетін түн

Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің ең қасиеттісі Қадір түні саналады. Өйткені бұл түні Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған.
Алла Тағала Құранда: "Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады" деп баяндайды.
Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар. Жалпы "Қадір" деген сөздің өзі араб тілінен "тағдыр" деген мағына береді. Сол себепті бұл түнде адамның бір жылдық тағдыры ғана емес, ризық-несібесі де жазылады.

Қадір түнінің белгілері

Қадір түнінің белгілері жайында пайғамбарымыз: "Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады", – деген.
Тағы бір хадисте: "Қадір түні тұнық әрі жарық болып, айдың өзі бейне бір нұрға толы болады. Ол түн суық та ыстық та емес, тыныш та жайлы болып, таң атқанша жұлдыздардың ағып түсуіне тыйым салынады. Бұл түннің тағы бір белгісі, таңертең күн сәулесі, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға күнмен бірге жарыса шығуларына рұқсат етілмейді"- делінген.
Сондай-ақ қасиетті түнде бұлт та, жаңбыр да, жел де болмайды.

Қадір түні не істеу керек

Өкінішке қарай, көбі Қадір түнін жай ғана ұйықтамай қарсы алу жеткілікті деп санайды. Алайда бұл қате түсінік. Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауға тиіс.
Қадір түні мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру емес, тілек тілеп, дұға жасап, намаз оқу.
Қасиетті түнді көңіл көтеру орындарында емес, үйде немесе мешітте өткізген абзал. Ішімдік ішуге, адамдардың сыртынан ғайбаттап, өсек айтуға, жанжалдасуға, дауласуға тыйым салынады. Достармен көңіл көтеріп, ән айтуға, билеуге, сауық кешін ұйымдастыруға болмайды. Ал теледидардан ойын-сауық бағдарламалары мен фильмдердің орнына тәрбиелік мәні бар дүниелерді тамашалаған дұрыс.
Қадір түнінің құрметіне дастархан жаюдың қажеті жоқ. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да – қате.
Мұсылмандар бұл түнді барынша құлшылықпен, шын жүректен өкініп, күнәлары үшін кешірім сұраумен өткізуге тиіс. Таңға дейін Қасиетті Құран кітабын оқып, дұға жасаған абзал.

Қадір түні оқылатын дұғалар

Қадір түні намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасау керек.
Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) : "Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын" деп сұрағанда, Алла елшісі: " Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, менің күнәларымды кешіре гөр", - деп дұға етуге кеңес берген.
Хадистердің бірінде: "Кім де кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі" делінген.
Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан барша мұсылманның амандығын, өзара достық пен бауырмашылдықтың артуын, Ислам әлемінің біртұтастығы мен күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.
Қадір түні жасалатын дұғалар қатарына ризық, береке, жоқшылық пен ауру-сырқаудан сақтайтын дұғалар жатады. Өйткені бұл күні шын жүректен дұға жасап, Аллаға мінәжат еткен адамның дұғасы қабылданады дейді Құранда.

Қадір түні қай уақытқа дейін жалғасады

Қадір кеші күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап таң ататын уақытқа дейін жалғасады.
Астанадағы мешіт - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2019
Дерекқор
Түндердің ішіндегі қайырлысы Қадір түні туралы не білеміз?
Жаңалықтар
0