Тоқаев Бюджет кодексіне қол қойды
Жазылу
АСТАНА, 15 наурыз– Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бюджет кодексіне қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Кодекске енгізілген негізгі түзетулердің бірі алдағы салық реформасымен байланысты. Соның аясында салықшылардың өкілеттелігін күшейту көзделген. Бұдан бөлек, бюджет процестерінің мерзімдері мен кезеңдері қысқартылды. Бірақ мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігі артады.
Негізгі өзгерістер:
мемлекеттік органдарға бюджеттік бағдарлама шығыстарының 15 пайызы көлеміндегі қаражатты дербес басқару құқығы берілді;
мемлекеттік органдар биыл жұмсалмаған бюджет қаржысын келесі жылдың қаңтар айынан бастап пайдалана алады. Бұл шығыстарды үздіксіз қаржыландыруға мүмкіндік береді;
бюджетке қатысты парламенттік бақылау күшейтіледі;
бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау сапасын арттыру және бюджет қаржысын тиімді пайдалану жөнінде пәрменді шаралар қабылданады;
Ұлттық қорды пайдалану президент бекіткен мақсатты бағдарлармен шектеледі. Қордың қаражатын ішкі қаржы құралдарына салуға рұқсат етілмейді. Бұл ақшаны бюджеттен тыс пайдалануға жол бермейді. Ұлттық қордың нысаналы трансферті тек жалпыхалықтық маңызы бар нысандар мен жобаларды қаржыландыруға ғана пайдаланылады;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышын қоса алғанда, мемлекеттің қарыз саясатын бақылау шаралары кеңейтіледі, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы борыш лимиті республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.
Сондай-ақ, кодексте квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты мемлекеттік дивиденд саясатының негізгі ережелері белгіленіп отыр. Ал азаматтарды бюджет қаражатын бөлу процесіне белсенді тарту үшін халық қатысатын бюджет тәртібі заңнамалық негізде бекітілді.