Наурызнама онкүндігі: мейрам қалай тойланады
09:00 15.03.2025 (жаңартылды: 11:36 20.03.2025)
© SputnikНаурызнама: көктемгі мерекені қалай тойлаймыз

© Sputnik
Жазылу
Ұлыстың ұлы күні жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында тойланады
АСТАНА, 15 наурыз– Sputnik. Қазақстанда 2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді. Ұлыстың ұлы күні жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында тойланады. Осылайша, қазақстандықтар көктем мерекесін екі-үш күн емес, он күн бойы тойлайды. Себебі Ұлы даланың халықтық мерекесі кем дегенде 8 күнге созылған. Оны тарихи деректер де растап отыр. Sputnik Қазақстан Наурызнаманың тарихы мен бағдарламасына шолуды ұсынады.
Наурызнама тарихы
Қазақ халқының Наурызды тойлау дәстүрі бір күнмен шектелмеген. Ұлы далада көктем мерекесі кем дегенде бір аптаға созылды. Бұл туралы этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Наурызнама" атты еңбегінде жазған.
© Sputnik / Владимир Вяткин / Медиабанкке өту2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді.

2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді.
© Sputnik / Владимир Вяткин
/ "Жиырма тоғыз жасымда Бұқари шәріпте Ғабдолла ханның Наурызнама тойының ішінде сегіз күн болдым", - дейді Көпейұлы. Ал тағы бір жазбасында: "Үйсін Төле бидің заманында Наурызнаманың қадір құны астан, тойдан ілгері (жоғары) болған", - деген сөздер бар.
Ол кезде Наурызнаманың ұйымдастырушысы - бай және ауқатты адамдар, негізгі көркі - жастар, берекесі - ауыл ақсақалдары, ал ырзығы ақ дастарқан болған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларына сәйкес, Наурызға арналған кітап та болды. Оны қожалар оқитын. Ал ақсақалдардың батасы таусылмайтын. Себебі "қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы - наурыздама".
© Sputnik / Владислав Воднев2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді.

2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді.
© Sputnik / Владислав Воднев
"Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: "Әмин!" деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айдай келіп, халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады. Мал сойып, наурыздама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: "Ауылға таттырамыз!"-деп, басын сақтап қояды", - деп жазды Көпейұлы.
Ертедегi дәстүр бойынша Наурызнаманың сегiзiншi күнi "той тарқар" болады. Ол күні ат жарыс пен күрес ұйымдастырылып, сыйлықтар үлестіріледі.
© Photo2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді.

2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді.
© Photo
Наурызнама жаңғырды
2024 жылдан бастап Қазақстанда Наурыз мерекесі жаңа форматта атап өтуге шешім қабылданды. Бұдан былай Ұлыстың ұлы күні жыл сайын 14 – 23 наурыз аралығында тойланады. Оны жалпыұлттық "Наурызнама" онкүндігі деп атады. Негізгі мақсат - көпкүндік мерекенің қыр-сырын ашып, дәстүрлі сипатын дамыту. Ол үшін онкүндіктің әрбір күні белгілі бір шаралар ұйымдастырылады.
© Sputnik / Владислав Воднев2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді.

2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді.
© Sputnik / Владислав Воднев
Наурызнама бағдарламасы:
14 наурыз күні – Көрісу күні - Амал мерекесі тойланады. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Аталған мерекені барлық аймақтарда тойлау ұсынылды.
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ол күні қазақтың мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталады.
17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға арналған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрі атқарылады.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау болып табылады.
22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
Ал Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.
Наурыздың бірегей логотипі де бекітілді. Онда үш бәйшешек Қазақстанның өткені, бүгіні мен болашағын білдіреді.
Наурызнама халықаралық беделімізді көтереді
Наурызнама ел бірлігін нығайтудың маңызды факторы ғана емес, Қазақстанның бай тарихы мен дәстүрін кеңінен насихаттауға да негіз бола алады.
Бүгінде Рио-де-Жанейро карнавалы, Жапониядағы сакура гүлдеуі мерекесі, Үндістандағы Холи фестивалі, Германиядағы Октоберфест, Испаниядағы Сан-Фермин немесе Томатина фестивальдерін бәрі біледі. Сол сияқты Наурызнаманы да Қазақстанның негізгі туристік брендіне айналдыруға болады. Мәселен, 2024 жылы Алматы көшелерімен театрландырылған керуен жүріп өтті. Оған батыр, бүркітші, ақын және басқа да образдағы 1000-нан астам адам қатысты. Қала тұрғындары мен қонақтары арбадағы киіз үйді, қыз күймесін, қоржынға жібек маталар мен кілемдер артқан түйелерді, ат үстіндегі батырларды, құмай тазылар мен мергеншілерді тамашалады. Дәл осындай шаралар Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға жол ашады.
Биыл Наурызнама қалай өтеді
2025 жылы Наурызнама аясында 1 500-ден астам шараны ұйымдастыру жоспарланып отыр. Әрбір аймақта киіз үйлер тігіліп, концерттер, көрмелер мен фестивальдер өтеді.
Атап айтқанда, Астана қаласында "Қамажай" флешмобы, Ақмола облысында креативті индустрия өкілдері мен қолданбалы өнер шеберлерінің қатысуымен "Наурыз – Арбат" жобасы, Көкшетауда мыңнан астам әйел қатысатын "Кимешектер шеруі", Ақтөбеде "Ұлттық киім – ұлт бейнесі" атты ұлттық киімдер шеруі, домбырашылар челенджі және тағы басқа ауқымды іс-шаралар бар.
© Photo : пресс-служба АО "Казахстан темир жолы" 2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді.

2024 жылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта аталып өтеді.
© Photo : пресс-служба АО "Казахстан темир жолы"