Наурыз көже қалай дайындалады
© Sputnik / Владислав ВодневНаурыз көже

© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
Наурыз көже 7 түрлі дәннен жасалады
АСТАНА, 14 наурыз– Sputnik. Ұлыстың ұлы күні жасалатын Наурыз көже молшылық пен құт-берекенің жоралғысы болып саналады. Оған жеті түрлі дәм қосылады. Себебі түркі халықтарының ұғымында 7 қасиетті сан болып саналады. Сол күні Наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады. Sputnik Қазақстан Наурыз көжені дайындау рецептісін ұсынады.
Наурыз көжеге 7-ден артық дәм қосуға бола ма
Наурыз көжеге бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі дәмді қосып істейді. Дегенмен, жетіден артық сала беруге болады. Бірақ тақ санын сақтау керек. Соғымнан арнайы сақталған қазы, қарта, шұжық, және тағы басқаны қоса береді. Наурыз көжені халық арасында "тілеу көже", "көп көже" деп те атай береді. Ал Наурыз бата берілген соң, жиналған халық: "Ақ мол болсын!" деген тілек айтып тарқасады.
© SputnikНаурыз көже 7 түрлі дәннен жасалады

Наурыз көже 7 түрлі дәннен жасалады
© Sputnik
Наурыз көжені қалай жасайды
Алдымен етті бөлек асады. Еттің сүрленген болғаны абзал, қазы болса, тіптен жақсы. Одан кейін ақ жүгеріні пісіреді, өйткені ол еттен кейінгі ұзақ пісетін дән. Келесі кезекте сары жүгеріні қайнатады. Оған 40 минут уақыт кетеді. Ал ең соңында бидайды пісіріп алады. Оны пісіруге жарты сағат жеткілікті. Әр дәнді пісіріп алған соң, оны аздап суытып алады. Ет пен дәндерді араластырғаннан кейін тағы бір қайнатып алады. Ең бастысы, наурыз көжеде қандай дәм, қандай дақыл қосқаның көрініп тұруы керек. Сондықтан бұршақтар езіліп кетпеуі тиіс. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қою қажет. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, қатық, айран немесе құртты қайнаған суға езіп араластырады. Қазақстанның кейбір аймақтарында Наурыз көжеге сүт пен мейіз де қосады.
Наурыз көженің құрамы:
0,5 кг жылқы еті
100 грамм қазы
0,5 келі қой еті
2,5 литр су
100 грамм бидай
100 грамм күріш
100 грамм жарма
100 грамм тары
тұз
1 стақан айран
құрт
Наурыз көженің нақты бір үлгісі бар ма
Наурыз көжені дайындаудың белгілі бір тәсілі жоқ. Оны әркім өз қалауы бойынша пісіреді. Мысалы, әжелеріміз май сақтаған қарынды жуып, көженің түбіне салады екен. Тұз бен май сіңген қарын көжеге ерекше дәм кіргізеді. Тағы бір әдіс бойынша, дәкеге түйіліп, жылқының ысталған жалы қайнатылған. Оны үлкен әжелер аршамен, адыраспанмен, не басқа да шөптермен ыстап, Наурызға дейін арнайы сақтаған. Бұл көжеге ерекше дәм кіргізіп қана қоймай, оның құрамына емдік, дәрумендік те әсер берген. Көбісі соғым сойған уақытта Наурызға деп етті арнайы дайындап қоюға тырысады. Өйткені қыстан қалған соғымнан, сүрленген еттен сорпаның да, ондай сорпаға пісірілген көженің де дәмі ерекше болады.
© ИА Новости-Казахстан, Зарина Кулумбетова, Солтан ЖексенбековНаурыз көже

Наурыз көже
© ИА Новости-Казахстан, Зарина Кулумбетова, Солтан Жексенбеков
Әрбір дәмнің мағынасы қандай
Су - өмір – өзен, келешек ұрпақ өрбіп, судай тасып, көбейе берсін деген мағынаны білдіреді;
Ет - ұзынасарға сақталған сүр етті асар көп болсын, қазан толсын;
Айран, құрт - ағымыз мол болып, сүттей ұйып отырайық;
Тұз - қазақ сөз қадірін білген, дәмсіз сөйлемейік;
Арпа, жүгері, күріш - бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын;
Бидай - нанымыз көп болсын деген ниетпен қосылады.
Наурыз көжені қалай құю керек
Ертеректе әйелдер өздерімен бірге көже толтырылған ыдыс ала жүрген. Қонақтап барған жеріндегі көжеге өздерінің дәмін де қосып, араластыру дәстүрі болған. Бұл – дәм-тұзымыз араласып, ынтымағымыз жарасып, бірлікте болайық деген ниет. Көжені құйып берудің өзіне үлкен мән беріледі. Әдетте, сусынды ыдысқа толтырып құйып береді. Бұл несібеміз ортаймасын, дәм-тұзымыз мол болсын деген мағынаны білдіреді. Құйылған сол көжені тауысып ішу – әркімнің міндеті. Себебі, берілген ырзықты қалдырмай ішу жақсылықтың бастауы ретінде бағаланады.
© Sputnik / Анатолий УстиненкоНаурыз көже

Наурыз көже
© Sputnik / Анатолий Устиненко