Көлік жүргізушілер үшін сынақ мерзімін енгізу ұсынылды
14:15 13.03.2025 (жаңартылды: 15:10 13.03.2025)
© Sputnik / Санат ИмангалиевАстана көліктері

© Sputnik / Санат Имангалиев
Жазылу
Бүгінде елімізде 374 автомектеп бар
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Сенатор Марат Қожаев үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, жаңадан көлік жүргізу куәлігін алатындар үшін сынақ мерзімін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, былтыр Қазақстанда 31 597 жол апаты тіркелген. Бұл көрсеткіш күрт өсіп отыр. Жарақат алғандардың саны да 109 процентке артты. Әсіресе, зардап шеккен және қайтыс болған балалар көбейген. Ал жол апаттарының 96 процентіне көлік жүргізушілерінің төмен дайындық деңгейі себеп болды.
"Жол ережесін бұзатын көлік жүргізушілерінің басым бөлігінде көлікті басқаруға қажетті білім мен қабілет жетіспейді. Себебі автомектептерді бақылау жүйесінде олқылық бар. Бүгінде елімізде 374 автомектеп жұмыс істейді. Алайда олардың қызметіне мемлекеттік бақылау тиісті деңгейде атқарылмайды. Соның салдарынан оқыту формалды түрде жүргізіледі. Ал түлектер қажетті дайындықтан өтпейді", - деді Қожаев сенаттың бүгінгі отырысында.
Сенатордың айтуынша, көлік жүргізу куәлігін беру тәртібі де жиі бұзылады. Ал мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтихан тапсыруға қажетті техника дұрыс істемейді, кейбір жерлерде автодром да жоқ. Осыған байланысты Қожаев көлік жүргізу емтихандарын тапсыру тәртібін қайта қарап, жаңа көлік жүргізушілері үшін сынақ мерзімін енгізуді ұсынды.
"Мен бұрын жол апаттарын тергедім. Бізде көлік жүргізуге рұқсат оңай беріледі. Оны бәріміз білеміз. Шетелде олай емес, ол жақта адамдар қажетті білім алып, көлік жүргізудің жауапкершілігін түсінгеннен кейін ғана көлікке отырады. Ал, ең бастысы, сол мүмкіндікті бағалайды", - деді Қожаев журналистерге берген сұхбатында.