Наурыз мейрамына арналған құттықтау-тілектер мен баталар

© Sputnik / Абзал КалиевНародные гуляния на Наурыз в Астане
Народные гуляния на Наурыз в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.03.2025
Жазылу
Наурыз - ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Бұл күні ай мен күн теңеседі, ақжарма тілек пен баталар айтылады.
Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Наурыз мерекесінде Жер бетін Қыдыр аралайды. "Қыдыр дарысын" деген бір ауыз сөз қазақ беретін батаның бәрінде бар. Наурыз батасының орны ерекше. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге сәлем бере барып, ақсақалдардың батасын алады.

Sputnik Қазақстан Наурыз мейрамына арналған тілектер мен баталарды ұсынады.
© SputnikНаурыз мейрамы
Наурыз мейрамы - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.03.2025
Наурыз мейрамы

Тілектер

Кең болсын қазағымның керегесі, кетпесін Алла берген берекесі,
Алаштың баласына нәсіп болған, құтты болсын Наурыз мерекесі!
***
Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз күні бәріңізге бақыт, бақ, байлық, денсаулық тілеймін! Жақсылығымыз көбейіп, жамандықтардан аулақ болайық. Жерімізден несібе арылмасын, еліміздің ырысы мол болсын. Әр үйде береке, тыныштық, шаттық болсын! Жас ұрпаққа арман, мақсат, күш-қуат тілеймін! Жаңа жылда ең жақсысы болсын!
***
Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі - Наурыз мейрамы құтты болсын!
***
Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
© SputnikНаурыз мейрамы
Наурыз мейрамы - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.03.2025
Наурыз мейрамы
***
Наурыз мейрамы - бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мерекесі. Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт-береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын!
***
Қыстың қыспағынан құтылып, арқа-бас кеңейетін, мейрам-шаттыққа кенелетін осынау жайдарман шаққа жеткен әрбір жанды шығыстың жаңа жылымен құттықтаймын! Наурыздың өзіне тән салтына бағына отырып, әрбіріміз өткен жылғы өкпемізді ұмытып, татуласайық! Үлкендердің ақ батасын алып, бір-бірімізге ізгі тілек айтайық. Наурызда айтылған барлық жақсы тілек орындалады: Наурыз барлығыңызға құт әкелсін!
***
Наурыз келіп, жаңару болсын! Жақсылығымыз көбейіп, жамандықтар азайсын! Елдің ырысы артсын, еңбегіміздің нәтижесі мол болсын. Барша халықтың бақыты мен болашағы жарқын болсын!
***
Бұл күнде сіздің үйіңізге шаттық, бақыт, ырыс пен береке толсын. Отбасыларыңыз аман болсын, асуларыңыз мол болсын! Әр күндеріңіз қуанышқа, жақсылыққа толсын!
***
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Әрбір үйге амандық, береке, молшылық пен бақыт келсін! Ұрпақтарымыз ұлы жолды жалғап, елдің бақыты мен байлығын арттыратын болсын! Еліміз тыныш, жеріміз құтты болсын!
***
Жер-дүниені жаңартып, көктемді ерте келетін Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесі құтты болсын! Сізге және сіздің жанұянызға шынайы көңілмен бақыт-береке, ашық аспан, игілік және алдағы жұмысыңызда тек шығармашылық табыс тілейміз.
***
© SputnikНаурыз мейрамы
Наурыз мейрамы - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.03.2025
Наурыз мейрамы

Баталар:

Ұлыс күні қазан толcа,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда әрқашан жол болар.
***
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Азаматта әл болсын!
Атымызда жал болсын!
Түйеде қом болсын,
Қара малда қоң болсын,
Ұсақ малда шел болсын!
Сапар шексең жол болсын!
Әумин!
***
Ұлыс күні құтты болсын,
Ақ кетпесін таңдайдан!
Ел іргесі мықты болсын,
Бақ кетпесін маңдайдан!
Аллаһу акпар!
***
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы уайым жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!
***
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай!
Бастарыңа бақ қонсын,
Шашыңның барлық талындай!
Санасы өсіп адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын!
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз!
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз!
Қатыгездік жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Кірісіміз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей!
Аллаһу акпар!
***
Ұлысың оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барса жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле - жала жерге енсін!
***
Наурыз келіп қар кетті,
Ақ қар, көк мұз жұтатқан
Шаруа елінен зар кетті.
Наурыз келіп жаз кірді,
Жаз періште "Әз" кірді
Күнеске тосып арқасын,
Жан біткенге наз кірді.
Арық - тұрақ төрт түлік,
Көк жеп жапа - тармағай
Қабырға жаппай қалмағай.
Көтеремнің төрт бұты,
Ербегей де сербегей
Енді шығын бермегей.
Бізге келген бәлекет -
Қармен бірге қаңғырып,
Таудан ары өрлегей,
Мұсылман бетін көрмегей.
***
Мұзафар Әлімбаевтың батасы:
Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кесеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе азғана,
Шайылсын өкпе, наз - нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
Дүрлеген Қазақстанға
Таңғалсын дос та, дұшпан да!
***
Әумин! - бата берейін,
Жақсылықты терейін.
Жаңа жылда жараңдар
Үстем болсын мерейің!
Жақсылыққа бас болып,
Ауылымызда ас болып,
Келген Наурыз құт болсын!
Жүгінелік ақылға,
Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға.
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын!
Сырттағы жау жаланып,
Жағаға қол салмасын!
Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін.
Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін!
Наурызбенен жаңарсын,
Тәніміз бен жанымыз.
Жақсы негіз қалансын,
Жарасып ән сәніміз! Әумин!
Наурыз мейрамы - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.03.2020
Қоғам
Наурыз мейрамы: маман 21 мен 22 сандары қазақстандықтарға не әкелетінін айтты
Жаңалықтар
0