Депутат балалардың гаджетті пайдалану уақытын мемлекеттік деңгейде бақылауды ұсынды

© Sputnik / Табылды КадырбековДевочка с мобильным телефоном в руках сидит на лестничной площадке
Девочка с мобильным телефоном в руках сидит на лестничной площадке - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.03.2025
Жазылу
Оның ойынша, баланың интернетте өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құру қажет
АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы балалардың гаджетті пайдалану уақытын мемлекеттік деңгейде бақылауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанда ата-аналардың басым бөлігі балаларының сан алуан гаджетті пайдалану уақытын шектемейді.
"4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы зат сатып алады. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп қана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті. Қазір Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді сауықтыруды қолға алды. Желіге желіккендер психологиялық, физикалық, әлеуметтік қиындыққа тап келуде", - деді Амантайұлы мәжілістің бүгінгі отырысында.
Осы орайда мәжілісмен әлеуметтік желіні шектеп жатқан елдерді де атап өтті. Олардың қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия және тағы басқа дамыған елдер бар. Мәселен, Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасы ұсынылды. Оған сәйкес, балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфонды пайдалануға тыйым салынды. Франция да 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектепте телефон пайдалануға тыйым салып, балалардың интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді.
"Ел болашағын, өскелең ұрпақтың қамын ойласақ, онда қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Яғни, жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек", - деп атап өтті депутат.
Амантайұлы үкіметке депутаттық сауал жолдап, балалардың гаджетті пайдалану уақытын мемлекеттік деңгейде бақылауды ұсынды. Оның ойынша, баланың интернетте өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құру қажет. Негізгі ұсыныстар:
әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеу;
әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс енгізу;
ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекетін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құру.
Жаңалықтар
0