"Барлық қарызын кешіру керек": Мәжілісте зейнеткерлердің мәселесі көтерілді

© Photo : CC0 / Sabine van ErpЗабота
Забота - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.03.2025
Жазылу
Сот орындаушылары бәрінің есепшотын бұғаттап, шетелге шығу мүмкіндіктерін шектеп тастаған
АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев үкіметті қарызға белшесінен батқан зейнеткерлердің мәселесін шешуге үндеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде қарызды төлей алмайтын адам өзін банкрот деп жариялай алады. Ол үшін арнайы заң бар.
"Алайда шын мәнісінде бұл Заң да, банкроттыққа тапсыру тетігі де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Қолда бар жалғыз ресурс "Е-өтініш" қосымшасы арқылы жолданған өтініштер қанағаттандырылмай отыр. Соның салдарынан өмір бойы бейнеттеніп зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлер зейнетақысынан қағылып жатыр", - деді Балабиев мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, зейнеткерлердің төленбей қалған қарызы көп. Сот орындаушылары бәрінің есепшотын бұғаттап, шетелге шығу мүмкіндіктерін шектеп тастаған.
"Банктерге барсаңыз, бар-жоғы 32 мың теңге зейнетақысы банк картасына түспей, зар илеген зейнеткерлерді көресіз. Жағдайды зерттесек, зейнетақы кіріс көзі болып саналады және зейнетақы әлеуметтік қорғалған есепшот санатына жатқызылмаған", - деп атап өтті депутат.
Оған қоса, әлеуметтік қорғалған есепшотты тек санаулы банктерде ашады. Балабиев үкіметке депутаттық сауал жолдап, зейнеткерлердің қарызын кешіруге дейін нақты шараларды қолға алуды ұсынды. Негізгі ұсыныстары:
әділет органдарына берешегі бар зейнеткерлердің зейнетақы есепшоттарын бұғаттаудан босату;
республикалық базадан банктерде берешегі бар зейнеткерлерді бақылап анықтау;
құзырлы органдарға зейнеткерлердің соттан тыс және сот арқылы банкрот деп тану процесін жеңілдету;
зейнеткерлердің қарызын кешіру;
барлық екінші деңгейлі банктер мен "Қазпошта" мекемесінен де зейнеткерлер үшін әлеуметтік қорғалған есепшотты жаппай ашу.
Жаңалықтар
0