Трамп пен Зеленскийдің Ақ үйдегі текетіресі – әлемдік БАҚ не дейді
11:22 01.03.2025 (жаңартылды: 11:29 01.03.2025)
© Photo : Фото РИА Новости. © AP Photo / Mystyslav ChernovВстреча Трампа и Зеленского состоялась в Вашингтоне. Фото размещено РИА Новости. © AP Photo / Mystyslav Chernov

Жазылу
АСТАНА, 1 наурыз– Sputnik. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі келіссөзі дау-дамаймен аяқталды.
Киев пен Вашингтон Украинаның минералдық ресурстары мен өнеркәсіп-логистикалық инфрақұрылымға қол жеткізу туралы келісім жасаудың соңғы сатысында тұрған еді. Бірақ бүкіл әлем тікелей эфирде тараптар арасындағы тарихи сөзталасқа куә болды.
Washington Post газеті Дональд Трамптың сөзіне сілтеме жасай отырып, мұны "Америка Құрама Штаттарына көрсетілген құрметсіздік" деп бағалады.
"Президент Дональд Трамп жұма күні Ақ үйде өткен кездесуден кейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен жоспарланған баспасөз мәслихатын өткізбейтін болды. Кездесу барысында Трамп пен вице-президент Джей Ди Вэнс Зеленскийді Ресеймен соғыста АҚШ-тың Украинаны қолдағаны үшін тиісті алғыс білдірмеді деп айыптады. Зеленский "бейбітшілікке дайын емес" деп жазды Трамп әлеуметтік желіде. Ол Зеленский "Америка Құрама Штаттарына құрмет көрсетпеді" және "бейбітшілікке дайын болған кезде орала алады" деді. Бұдан кейін Зеленский бірнеше еуропалық көшбасшымен сөйлесті және олардың көпшілігі оған қолдау білдірді. Жұма күні кешке Fox News-ке берген сұхбатында Зеленский екі ел арасындағы қарым-қатынасты әлі де сақтап қалуға болатынына сенетінін айтты", - деп жазды The Washington Post.
Өзге америкалық басылымдар да Ақ үй қабырғасында мұндай оқиға бұрын-соңды болмағанын атап өтті.
" Әдетте екі әлем көшбасшысы тілшілер үшін камераларға күліп, қол алысады. Қиын келіссөздер әдетте камерадан тыс жерде өтеді. Бірақ бұл жолы екі президент арасындағы шиеленіске бүкіл әлем куә болды", - деп жазады Time.
Британдық The Daily Telegraph басылымы "Киевті қиын күндер күтіп тұрғанына" сенімді.
"Бұл Украина үшін ең нашар сценарийден де асып түсті... Дипломатиялық апат, басқа сипаттамасы жоқ", - деп жазады The Daily Telegraph.
Сонымен бірге еуропалық дипломатияның басшысы Кайя Каллас Украинаға әскери көмекті ұлғайту туралы бастаманы қайтадан көтеріп, Еуропаны "Зеленскийдің төңірегіне топтасуға" шақырды.
Ал АҚШ президентінің әкімшілігі Украинаға қолдаудың қысқартылатынын жариялап үлгерді.
"Вашингтон Киевке барлық әскери көмек көрсетуді тоқтатуды қарастырып жатыр", - деп жазады The Washington Post.
РИА Новости хабарлағандай, Украина делегациясы Владимир Зеленскийдің АҚШ президенті Дональд Трамппен сөзталасынан кейін келіссөздерді қайта бастауды өтінген.
Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолц Зеленскийдің Ақ үйден кетуін талап етті, деп хабарлады Fox News америкалық әкімшіліктегі дереккөзге сілтеме жасап.