Түркістан облысында ардагерлерге 5 млн теңгеден беріледі
© Photo : пресс-служба Минобороны КазахстанаҰОС медальдері

© Photo : пресс-служба Минобороны Казахстана
Жазылу
Облыста Екінші дүниежүзілік соғысының 9 ардагері тұрады
АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Түркістан облысының ардагерлеріне әкімдік тарапынан 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек беріледі, деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында белгілі болғандай, өңірде Екінші дүниежүзілік соғысының 9 ардагері тұрады. Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға санаттары бойынша 50 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін біржолғы қаржылай көмек көрсету жоспарланып отыр.
"Бүгінгі таңда Түркістан облысында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендер саны 3 305 адам. Оның ішінде, ҰОС ардагерлері – 9. Олар Жетісай, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Созақ, Қазығұрт аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында тұрады. ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер саны 227 болса, тыл еңбеккерлері – 3 069", - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Темірбаева.
Жалпы Түркістан облысында ҰОС Жеңістің 80 жылдығына орай 3 305 адамға біржолғы ақшалай әлеуметтік көмек көрсету үшін аудан, қала бюджеттері есебінен 242,0 млн теңге қаралды.