Кредит мәселесін шешетін банк омбудсменіне қалай жүгіну керек

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЗнак процента
Знак процента - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.02.2025
Жазылу
Банк омбудсмені өзара ымыраға келуге көмектесетін делдал ретінде жұмыс істейді
АСТАНА, 23 ақпан– Sputnik. Қазақстанда кредит алған адам мен банк арасындағы келіспеушіліктерді шешуге көмектесетін обмудсмен бар. Ол өзара ымыраға келуге көмектесетін делдал ретінде жұмыс істейді. Ал ең бастысы банк омбудсмені тегін қызмет көрсетеді. Sputnik Қазақстан банк омбудсменінің көмегіне жүгіну тәртібін ұсынады.

Омбудсменге қай кезде жүгінеді?

Банк омбудсмені қарыз шартының талаптарын өзгертуге, берешекті қайта құрылымдауға және банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты дауларды қарайды. Алайда ол кей жағдайда көмек көрсете алмайды. Олар:
сот шешімі шыққан немесе іс сотта әлі қаралып жатқан жағдайда;
банктік ұйымға жүгінгенін растайтын дәлелдер болмаса;
жаңа мән-жайларсыз қайталанған өтініштер;
заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер немесе өкілеттігі расталмаған үшінші тұлғалар өтініш берген жағдайда;
мәселе алаяқтық әрекеттерге байланысты болса;
микроқаржы ұйымдарындағы қарыздар бойынша.
Айта кетері, микроқаржы ұйымдарынан алынған кредиттер бойынша бөлек омбудсмен бар. Ондай қарыздармен сол кісі айналысады.

Банк омбудсменіне жүгіну үшін қандай құжаттар қажет

Қарыз алушы банк омбудсменіне бірнеше құжатты ұсынуы тиіс. Олар:
банктік қарыз шарты мен төлем кестесі;
шартқа қосымша келісімдер (бар болса);
банктік ұйымға жіберілген өтініштің көшірмесі және оның жауабы (немесе жауаптың болмауын растайтын құжат);
қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттар.

Өтініш қалай қаралады

Банк омбудсмені құжаттарды алғаннан кейін бәрін талдап, екі тарапқа да тиімді шешім ұсынады.
"Егер қарыз алушы банкпен қарызды қайта құрылымдау туралы келісімге келе алмаса, омбудсмен оның қаржылық жағдайына сәйкес келетін шарттарды ұсына алады", - дейді мамандар.
Қаржы ұйымдары банк омбудсменінің шешімдерін орындауға міндетті. Ал қарыз алушының өзі шешімге қанағаттанбаса, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы.

Банк омбудсменіне қалай хабарласады?

Омбдусменге бірнеше жолмен хабарласып, өтініп беруге болады:
ресми сайт арқылы: bank-ombudsman.kz;
электрондық пошта арқылы: office@bank-ombudsman.kz;
жеке кездесу: Алматы қаласы, Айманов көшесі, 124, 301-кеңсе, Golden Time БО;
телефон арқылы: +7 771 929 33 33.
Жаңалықтар
0