Перизат Қайратқа қатысты тағы бір істің мән-жайы жарияланды

© Sputnik / СтрингерПеризат Кайрат
Перизат Кайрат - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.02.2025
Жазылу
АСТАНА, 21 ақпан– Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі халықтың ақшасын жымқырды деген күдікке ілінген Перизат Қайратқа қатысты тағы бір қылмыстық істің мән-жайын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл қаңтар айында Перизат Қайратқа қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған болатын. Ол мүгедек-балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинаған. Бірақ аукционмен жиналған ақшаны да, орталықты да ешкім көрмепті.
"П.Қайрат 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысында "Батыр" қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Жұрттың сенімін арттыру үшін оңалту орталығына мұқтаж мүгедек-балалар мен олардың ата-аналарын іс-шараға тартқан", - дейді агенттік мамандары.
Перизат 48 миллион теңге жиналғанын, ал "салынған" ғимараттың құны 100 миллион теңге шыққанын жариялаған. Алайда аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен, ешқандай ғимарат салынбаған. Қаржының бәрін өз қажеттілігіне жұмсаған.
"Сонымен қатар П.Қайрат "Батыр" қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 миллион теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда бұл учаскені 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған. Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр. Орталықтың қажеттілігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шықты", - делінген ресми хабарламада.
Агенттік Перизат Кайраттың алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 10 мекенжайы бойынша немесе +7 (7172) 70-84-78, 70-84-79 (қосымша: 21384) телефон нөмірлері арқылы хабарласуға кеңес берді.
Жаңалықтар
0