Талдықорғанда мемлекеттік қордан баспана алған 1 200 азаматтың құжаты дұрыс емес

© Sputnik / Антон Денисов / Медиабанкке өтуКлючи от квартиры
Ключи от квартиры - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.02.2025
Жазылу
АЛМАТЫ, 18 ақпан – Sputnik. Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі мемлекеттік тұрғын үйлерге мониторинг жүргізді. Нәтижесінде 1218 азаматтың құжаты дұрыс емес екені анықталды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары айтты.
Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі мемлекеттік қордан берілген тұрғын үйлерге мониторинг жүргізген.
"Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген үйлерге біз жылда мониторинг жүргіземіз. Мысалы бір отбасыға 2019 жылы үй берілсе, ол азамат сол үйде әлі күнге тұрып жатыр ма, соны тексереміз. Баспананы жекешелендіріп алса, онда тексермейміз. Біз тұрғын үйді жалдау келісімшартымен тұрып жатқан азаматтарды ғана тексереміз. Мысалы, мемлекеттік баспанада өзі тұрып жатыр ма, жоқ басқа адамдарға жалға беріп қойды ма? Егер жалға беріп қойса, сот арқылы қайтарып, шын мұқтаж адамдарға береміз", - дейді Талдықорған қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Ақмарал Исабекова.
Мемлекеттен 2015-2021 жылдары баспана алған 1218 адамның құжаттары заңдастырылмаған, бірақ мемлекеттік қордан берілген үйлерде тұрып жатыр.
"Бұл адамдар да баспанаға мұқтаж, кезекте тұрған адамдар. Құжаттарының дұрыс болмауы олардың кінәсі емес. Бұл азаматтарға уақытында тұрғын үйді жалдау шарты берілмеген. Негізі баспанаға рұқсат тұрғын үй комиссиясы арқылы беріледі. Комиссия хаттатама толтырып, шешім шығарады. Алайда 1218 азаматқа тұрғын үй комиссиясының шешімі негізінде тұрғын үйді жалдау туралы келісімшарт кезінде берілмеген", - дейді ведомство.
Қазіргі уақытта мыңнан астам отбасы шын мұқтаж болғандарын дәлелдеп, кезекте тұрған жылдарын есептеп, құжаттар жинап жатыр.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл аяқасты болған тексеру емес, мұндай шаралар 2020 жылдан бері жалғасып келеді. Ал мониторинг тобына бөлім мамандары, қоғам белсенділері және Тадықорған қаласының полиция қызметкерлері енген. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар тағы да жалғасады, дейді Талдықорған қаласының әкімдігі.
Жаңалықтар
0