Neo Nomad визасын қанша адам алды
18:20 18.02.2025 (жаңартылды: 18:23 18.02.2025)
© Sputnik / Андрей Александров / Медиабанкке өтуАрхивное фото сотрудника погранслужбы, ставящего штамп о пересечении границы

© Sputnik / Андрей Александров
/ Жазылу
АСТАНА, 18 ақпан– Sputnik. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Neo Nomad визасын алған шетелдіктердің санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін Қазақстан білікті мамандарды, кәсіпкерлерді және қашықтағы жұмыскерлерді тартуға арналған визалардың жаңа үш санатын іске қосты. Солардың бірі - Neo Nomad визасы (B12-1). Бұл виза кәсіби мамандарға шетелдегі табысын сақтай отырып, Қазақстанда қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жаңа виза былтыр қараша айында іске қосылған болатын.
"Енді, сан алуан мерекелер болды. Жаңа жыл бар. Содан көп сұраныс болмаған шығар. Осы уақытқа дейін 7 адам Neo Nomad визасын рәсімдеп алды. Олардың ішінде Оңтүстік Корея мен АҚШ азаматтары бар", - деді Еркінбаев журналистерге берген сұхбатында.
Neo Nomad визасы тегін рәсімделеді. Бірақ өтініш беруші бірнеше талапқа сай болуы керек. Соның бірі - бір айлық табыстың көлемі 3 мың АҚШ доллары.
"Визаны программистер ғана емес, контент-креаторлар, заңгерлер, бухгалтерлер, кеңесшілер, жалпы, өз жұмысын қашықтан атқара алатын мамандар рәсімдей алады",-деп атап көрсетті вице-министр.
Визаның негізгі артықшылықтары:
бір жылға дейін берілетін көп мәртелік виза;
виза иелері Қазақстанда болу мерзімін тағы бір жылға ұзарта алады;
отбасы мүшелері де визаны сол мерзімге ала алады, алайда еңбек және діни қызметтері қазақстандық заңнамамен шектеледі;
Neo Nomad визасынан бөлек Digital Nomad визасы (B9-1) бар. Ол тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін Қазақстанға көшетін ІТ саласындағы сұранысқа ие мамандарға арналған.
визалық және көші-қон порталы арқылы бір жылға электронды виза алуға болады;
бір жылға дейін көп мәртелік қағаз визаны ішкі істер министрлігі арқылы B9-1 бір реттік электронды виза негізінде алуға болады.
Digital Nomad визасын алу үшін Astana Hub немесе Қазақстанның IT-секторындағы уәкілетті органның қолдаухаты қажет. Ал Residence visa (B9) білікті мамандар үшін ұзақ мерзімді мүмкіндіктер ашады.
B9 визасын медицина, ғылым, инновация, білім беру және шығармашылық индустриялар сияқты салаларда сұранысқа ие дағдылары бар шетелдік мамандар ала алады:
мерзімі 90 күнге дейінгі бір реттік визалар.
мерзімі 90 күнге дейінгі көп мәртелік визалар, жылына бір рет беріледі.
Қазақстанға келген кәсіби мамандар тұрақты тұруға рұқсат ала алады.