Министрлік суды үнемдеуге шақырды

© PhotoАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.02.2025
Жазылу
АСТАНА, 18 ақпан – Sputnik. Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларды су үнемдейтін технологияларды барынша қолдануға шақырды.
Ведомствоның ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиеваның айтуынша, су үнемдейтін технологияларды пайдаланып, күріш алқаптарын тегістеудің нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделді.
"Ол Солтүстік Аралға жіберілді. Қызылорда облысында жалпы көлемі 55 мың гектар күріш алқабы тегістелді. Осының нәтижесінде орташа есеппен өнім гектарына 40-50 центнерден 70-80 центнерге дейін өсті", - деді ол орталық коммуникациялыр қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Айтпақшы, Солтүстік Арал теңізінің ауданы ұлғайған. Қазіргі уақытта мұндағы судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрден асады.
"2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 18,9 млрд текше метр болған. Осы жылдың соңына дейін теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп болжануда. Ал 2030 жылдың соңына қарай Солтүстік Аралдағы су көлемін 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр", - дейді Мөлдір Әбдуалиева.
Оның айтуынша, Солтүстік Аралдың көлемімен бірге ауданы да ұлғайып келеді. Қазір теңіздің ауданы 3065 шаршы шақырым. Бұл 2022 жылға қарағанда 111 шаршы шақырымға көп. Бұл судың тұздылығын азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті.
"Шаруаларды, диқандарды белсенді түрде су үнемдейтін технологияларды қолдануға шақырамыз. Шаруаларды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған іс-шаралар қабылданды. Министрлік су үнемдеу жүйелерді сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 30%-ке, яғни 50%-тен 80%-ке дейін көбейтті. Елімізде суармалы суға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85%-ке дейін ұлғайтылды", - деді министрлік ресми өкілі.
Жаңалықтар
0