Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 2,2%-ға қымбаттаған

© Photo : Пресс-служба акима Туркестанской областиОвощи на рынке
Овощи на рынке - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.02.2025
Жазылу
АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ ) бағасы 2,2%-ға өсті.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, бұған көкөністің маусымдық қымбаттауы (қырыққабат, сәбіз, пияз) себеп болған.
"Сондай-ақ сиыр еті (1,2%) мен күнбағыс майы (1,1%) бағасының өсті. Жыл басынан бастап 11 ақпан аралығында ең жоғары өсімі Ұлытау (4,8%), Ақтөбе (3,8%) және Шығыс Қазақстан (2,7%) облыстарында байқалды", - деді Бижанова ӘМАТ бағасын тұрақтандыру мәселесіне арналған кеңесте.
Бағаны реттеу мақсатында аймақтардағы тұрақтандыру қорларынан өнімдерді саудаға шығару жалғасып жатыр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, жалпы қалыптасқан 156,9 мың тонна қордан тек 45,4 мың тонна көкөніс сатылды. Кейбір облыстарда көкөністі сату қарқыны белгіленген көлемнен төмен, бұл бағаның өсуіне әкелуде. Мәселен, Абай облысында 2,8 мың тонна картоптың тек 486 тоннасы сатылып, нәтижесінде баға 24,2%-ға қымбаттаған. Кейбір өңірлерде сәбіз, қырыққабат және пияз бағасына қатысты осындай жағдай байқалады.
"Жеке қосалқы шаруашылықты есептемегенде, 253,5 мың тонна картоп қоры 2025 жылдың ерте пісетін өнімін алғанға дейін халықтың ішкі қажеттілігін толық жабуға мүмкіндік береді", — деді Ербол Тасжүреков.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тұрақтандыру қорларынан өнімдерді жедел шығаруды және өңірлер мен мегаполистерде апта сайынғы жәрмеңкелерді өткізуді тапсырды.
"Коммуналдық базарлар мен сауда желілерімен тығыз жұмыс істеу керек. Ақпан-наурыз айларында тұрақтандыру қорларындағы өнімдерді сату және сәуір айында жаңа көкөністі жеткізу қажет", — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.
Жаңалықтар
0