Депутаттар жаңа жәрдемақы енгізуді ұсынды

© Sputnik / Владислав ВодневЗдание парламента Казахстана
Здание парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.02.2025
Жазылу
АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары жаңа жәрдемақы енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін төменгі палатаның жалпы отырысында Таңсәуле Серіков әрекетке қабілетсіз немесе ақыл-есі кем адамдардың мәселесін көтерді. 18 жасқа дейін жәрдемақы балаға да, қамқоршыға да төленеді.
"Бірақ ол 18-ден асқасын ақыл есі дұрысталып, керемет болып кетпейді. Әрбір ана баласына қарайды, соңғы демі қалғанша күтеді. Алайда жәрдемақы 2-ші және 3-ші топтар қамқоршыларына берілмейді. Психикалық ауруы болса оған психотроптық дәрі-дәрмек, күнделікті қажет заттарын, ас суын алуға бөлінген жәрдемақы жетпейді", - дейді Серіков.
Осы орайда мәжілісмен ауылдағы жалғызбасты ананың оқиғасын баяндап берді.
"Ол ақыл-есі кем баланы бағып жүр. Ешқандай ақы алмайды. Ал баланы қасында ұстап отырмаса, басқа адамдарға зиянын тигізуі, үйді өртеп жіберуі немесе өзге түгілі өзіне де қауіп төндіруі әбден мүмкін. Міне, осындай баланы бақылап, қамқоршы болып отырған анасына ешқандай да ақы берілмейді", - деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша анасы бір жерде еден жуушы болса, екінші жерде аула сыпырушы болып екі жұмыс істеуге мәжбүр.
"Еден жуушының жалақысын баласына уақытша қарап отырған адамға төлесе, аула сыпырушының 45 мың еңбек ақысын балаға дәрі-дәрмек алады және қалаға емге әр барған сайын таксиге 10 мың теңгеден төлейді екен", - дейді Серіков.
18 жастан асқан осындай ақыл есінде кемшілігі бар, оның ішінде аутизм, алигрофен, дауна синдромы сияқты мүгедектер аз емес. Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда мінез-құлық бұзылыстары мен психикалық ауруы бар 200 мыңға тарта адам тіркелген. Былтыр психологиялық ауытқуы бар ересектер саны 1 705 адамға көбейсе, ақыл-есі кем балалар саны 3 955-ке артқан. Осылайша, балалардың саны 27 286-ға жетті.
Серік үкіметке депутаттық сауал жолдап, 1-топтағы ақыл-есі кем мүгедектердің қамқоршыларына 18 жастан асқан соң да арнайы жәрдемақы белгілеуді талап етті.
Жаңалықтар
0