Алматы облысындағы үш ауыл тау суын ішіп отыр
20:37 12.02.2025 (жаңартылды: 13:22 14.02.2025)
Алматы облысындағы үш ауыл тау суын ішіп отыр

Жазылу
Шалқар ауылының құбырлары әбдін тозған, тіпті жамап-жасқау мүмкін емес
АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданында үш бірдей ауыл суды кеңес дәуірінен бері таудан аққан өзеннен пайдаланып келеді. "Таза суға қашан қолымыз жетеді" деген тұрғындар Sputnik Қазақстан тілшісіне хабарласты.
Қарасай ауданындағы Жандосов, Шалқар, Қайрат ауылдарында 20 мыңға жуық түтін тұрады. Тұрғындардың басын ауыртып, балтырын сыздатқан мәселе – ауыз су мәселесі.
"Екі күннің бірінде су тоқтайды. Кейде әуелі лай су ішеміз. Шалқар ауылы Жандосов ауылынан төмен орналасқан. Сол Жандосовтан аққан лай су бізге келеді. Қыс болса болды, құбырларды жөндейді", - дейді Шалқар ауылының тұрғындары.
Жандосов ауылының халқы да осыны айтады, ауыз суды сатып ішіп отырмыз дейді.
"Су жиі өшеді. Таудан келген суды ішеміз, бақты суғарамыз. Су лай. Сүзгі орнатасыздар ма деп келетіндер көп, бірақ бағасы қымбат. Қалтамыз көтермейді. Жерді қазып құбырлар салған еді, бірақ су әлі берілмеді", - дейді Жандосов ауылының тұрғындары.
20 мыңға жуық тұрғыны бар үш ауыл сонау кеңес дәуірінен бері тау суын ішіп келген. Әкімдіктің айтуынша ауыз суды жүргізу бойынша жұмыстарды былтырдан бері қолға алған.
"Соңғы үш жылда жұмыстар атқардық. Су ресурстары комитетінің республикалық жобасы аясында 18 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сол жоба былтыр қарашада қосылды. Біздегі өзеннің суына мамандар талай зертханалық зерттеу жасаған, ішуге жарамды деп шешім шығарған. Қай кезде лайланады, қар ерігенде, жаңбыр жауғанда ластанатыны рас", - дейді Жандосов ауылдық округінің әкімі Алмас Жамалбаев.
Алматы облысындағы үш ауыл тау суын ішіп отыр

Алматы облысындағы үш ауыл тау суын ішіп отыр
Шалқар ауылының құбырлары әбден тозған, тіпті жамап-жасқау мүмкін емес. Құбырларды ауыстыру үшін бюджеттен ақша бөлініп қойды.
"Шалқар ауылына қатысты бірнеше жыл бойы жасалған жоба бар. Биылға 490 млн теңге қаражат бөлінді. Ауылдағы барлық құбыр ауысады, сосын бір гектар жер бөлдік. Жандосовтағы суға қарап отырмай, өздерінің су сорғы құрылғысы болады. Сол құрылғыны орнату үшін жер бердік", - дейді әкім.
Ал Жандосов ауылында су құбырлары ауысқан.
"Бізде екі су қоймасы бар, ол бірақ 7000 адамды ғана сумен қамтамасыз етуге арналған. Бірақ бізде халық екі еседен артық көбейді. Жаз кезінде су қоймалары толып үлгермейді. Өйткені суды тәулік бой бау-бақшаларына ағызып қоятындар бар. Суды үнемдеңіздер деп үнемі хабарлама таратамыз. Әрбір үй суға 600 теңгеден төлеп отыр, сол себепті суды үнемдеу білмейді", - дейді Алмас Жамалбаев.
Қазіргі уақытта Жандосов ауылдық округінде жаңа су желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Жасалып біткен соң, тарихында тау суын ғана ішкен бірнеше ауылдың таза ауыз суға қолы жететін болады.