9 күн магнитпен жүрген: Алматыда дәрігерлер екі баланы аман алып қалды
Бала денесіндегі магнит

Жазылу
АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. Алматыдағы балалар шұғыл медициналық көмек орталығының дәрігерлері қаңтар және ақпан айында ұсақ магниттерді жұтып қойған екі балаға шұғыл ота жасады. Екі жағдайда да балалардың жағдайы ауыр болды, деп хабарлайды орталықтың баспасөз қызметі.
Дәрігерлер балаларды аман алып қалу үшін бірнеше сағат жанталасқан. Себеп – ата-ананың салғырттығы, дейді мамандар.
"Бірінші жағдайда 2 жастағы баланың ішегінде 13 магнит тұрып қалған. Бүлдіршін балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөліміне түсті. Науқастың ауруханаға түскен кездегі жағдайы ауыр болды. Бала 13 тал магниттік конструктор жұтып қойған", - деді қабылдау бөлімінің жауапты хирургі Азат Мамырасыл.
Дәрігерлер магниттерді аш ішектен алып шыққан.
"Операциядан кейін бала реаниматологтардың бақылауымен қарқынды терапия бөлімінде біраз уақыт болды. Содан кейін ол бейіндік бөлімге ауыстырылып, бір аптадан кейін үйіне шығарылды", - деді хирург.
Алматыда магнит жұтқан екі баланы дәрігерлер аман алып қалды

Алматыда магнит жұтқан екі баланы дәрігерлер аман алып қалды
Ал екінші оқиғада 7 жастағы бала магнит жұтып қойып, магнитпен 9 күн бойы жүрген.
"Тура бір айдан кейін, 4 ақпанда бізге магнит жұтқан тағы бір бала түсті. Алайда 7 жастағы баланың ата-анасы медициналық көмекке бірден жүгінбеген. Ауру тарихына сәйкес, бала 27 қаңтардан бастап ауырған. Ата-анасы баласының жағдайы нашарлағаннан кейін жеке клиникаға апарған. Ол жерде рентгенге түсіріліп, ішегінде бөгде заттың барын анықтаған. Дәрігерлер ауруханаға жүгіну қажет екенін ескерткен, бірақ ата-анасы баланың жағдайын өз бақылауларына алған", - деді Азат Мамырасыл.
Алайда, күн өткен сайын баланың халі нашарлай түседі. 4 ақпанда баланың іші қатты ауырып, әлсіздік пайда болып, күніне 15 ретке дейін құсқан. Баланың ата-анасы сол кезде ғана дабыл қаққан.
"Бізге екі күрделі операция жасау керек болды. Бірі медианалық лапаротомия, ішек өтімсіздігін жою, магнитттерді алып тастау, жұқа анастомозды қолдану, санация, трансанальды интубация және іш қуысын дренаждау", - деп түсіндірді хирург.
Дәрігерлер баланы аман алып қалған.