Сенат Бюджет кодексін мәжіліске қайтарды
© Sputnik / Абзал КалиевЗдание парламента Казахстана

© Sputnik / Абзал Калиев
Жазылу
АСТАНА, 6 ақпан– Sputnik. Сенат депутаттары Бюджет кодексіне өз түзетуін енгізіп, мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, кодекске 70 түзету енгізілді. Атап айтқанда:
республикалық бюджет шығыстарында төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған шығыстар енгізу,
ауылдық елді мекендер арасындағы автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау жөніндегі шығыстар облыстық және аудандық бюджет есебінен жүзеге асыру,
жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту мен реконструкциялауға қаражатты аудандық және ауылдық бюджеттердің шығыстарына жатқызу,
Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің ұлттық қордан бөлінген қаражаттың нысаналы, заңды және тиімді пайдаланылуына мониторинг нәтижелерін қарауы жөніндегі норманы енгізу,
ұлттық қорды 2030 жылы 100 млрд долларға дейін ұлғайту бойынша нәтижелерге қол жеткізу үшін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған нысаналы трансферттерді ұлттық қорға міндетті түрде қайтару жөніндегі нормамен толықтыру және тағы басқа түзетулер бар.
Бюджет кодексінің негізгі бағыттары:
бюджет процесін жеңілдету;
мемлекет қаржысын басқарудың әдіснамалық негізін құру;
бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау сапасын арттыру;
бюджетаралық қатынастарды жетілдіру;
мемлекеттік инвестициялық жобалардың жүйелі кемшіліктерін шешу;
нәтижеге бағдарланған бюджет қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру.