Әлеуметтік салықтан басқа төлемдерді де алып тастау жөнінде ұсыныс түсті – Жұманғарин

© Sputnik / Санат ИмангалиевЗаседание в мажилисе
Заседание в мажилисе - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.02.2025
Жазылу
АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары –ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік салықты алып тастаған жағдайда жергілікті бюджеттердің шығыны қалай өтелетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенатта Бюджет кодексі қаралды. Жоғары палата депутаттары үкіметтің қосарланған құн салығын 20 процентке дейін көтеруге қатысты ұсынысын талқыға салды. Бұл бастама іске асса, кәсіпкерлер үшін әлеуметтік салық алынып тасталады. Бірақ дәл осы салықтан облыстық бюджеттерге ақшаның төрттен бір бөлігі түседі.
Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, барлық шығынды бюджет есебінен өтеуге болады. Бірақ бүгінде жалақыдан төленетін басқа төлемдерді де алып тастауға қатысты ұсыныс бар.
"Шынымды айтсам, қосарланған құн салығына қатысты нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Сосын қазіргі кезде әлеуметтік салық тек облыстық бюджеттерде қалды, қалғанын үшінші және төртінші деңгейге бердік. Жалақыдан төленетін басқа төлемдерді алып тастауымыз мүмкін. Осыған қатысты ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ нақты айтайын, облыстардың максималды шығыны (әлеуметтік салықты алып тастаған жағдайда – Sputnik) 1,6 трлн теңгені құрайды. Ал үкімет бюджетінің кірісі 5-7 трлн теңгенің маңайында, сол себепті қаражат жетеді", - деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, жергілікті бюджеттерге қажетті қаражатты трансфертпен аударуға болады.
Ал сенат төрағасы дәл осы мәселе депутаттардың арасында ең қызу талқыланғанын ерекше атап өтті.
Айта кетері, бүгінде әлеуметтік салықтан бөлек жұмыс берушілер үшін міндетті зейнетақы төлемдерін алып тастауға қатысты ұсыныс бар.
Жаңалықтар
0