Қазақстанда геодезиялық координаттар жүйесі құрылды
11:25 03.02.2025 (жаңартылды: 11:26 03.02.2025)
© Photo : Пресс-служба АО "КазАвтоЖол"Жол картасы

© Photo : Пресс-служба АО "КазАвтоЖол"
Жазылу
Бұл жүйені құруға мемлекеттік аудит себеп болды
АСТАНА, 3 ақпан - Sputnik. Жоғары аудиторлық палатасы жүргізген аудит қорытындысы бойынша Қазақстанда геодезиялық координаттар жүйесі құрылды, деп хабарлайды Жоғарғы аудиторлық палата.
Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысымен үкімет "Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы" жобасын іске асырды.
"Жер ресурстарын басқару, геодезия және картография саласының тиімділігіне бұдан бұрын мемлекеттік аудит жүргізілген. Нәтижесінде Қазақстанның өзінің геодезиялық координаттар жүйесі жоқ екені анықталды. Бұл бірыңғай цифрлық картографиялық экожүйені құруды қиындатады", - дейді ведомстводағылар.
Аудит жүргізілген уақытта республикада өткен ғасырдың ортасында құрылған координаттар, биіктіктер, гравиметриялық және спутниктік өлшемдер жүйесі қолданылатын. Бұл күндері ол техникалық және моральдық тұрғыдан ескірген.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл мәселені шешу мақсатында "Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы" атты ауқымды бюджеттік инвестициялық жобаны аяқтаған.
"Биыл 1 қаңтардан бастап заманауи мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23 (Qazaqstan Terrestrial Reference Frame 2023, 2023 жылға қазақстандық жер координаттық есептеу негізі) және тұрақты жұмыс істейтін референттік станциялар желісі (CORS) іске қосылды. Осылайша құрылған координаттық жүйе геодезиялық және картографиялық деректердің жоғары сапасын қамтамасыз етеді, сондай-ақ кеңістіктік деректер инфрақұрылымын одан әрі дамытады", - дейді Жоғарғы аудиторлық палата өкілдері.