Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы былтыр 300 млн долларға жетті

Фуры - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.01.2025
Жазылу
Қазақстандық тарап жалпы құны 132 млн доллардан астам тауарлардың 60 түрі бойынша экспортты әртараптандыруға, ассортиментін кеңейтуге және көлемін ұлғайтуға мүдделілік білдірді
АЛМАТЫ, 30 қаңтар — Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Алматы қаласындағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Мұхаммед-Реза Арефпен кездесті, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Тараптар сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимыл мәселелерін қарады.
Былтыр 11 айда елдер арасындағы тауар айналымы 8,1%-ке ұлғайып, шамамен 300 млн долларға жетті.
"Қазақстандық тарап жалпы құны 132 млн доллардан астам тауарлардың 60 түрі бойынша экспортты әртараптандыруға, ассортиментін кеңейтуге және көлемін ұлғайтуға мүдделілік білдірді. Атап айтқанда, биыл Қазақстанда 26 млн тоннадан астам астық жиналды. Отандық экспорттаушылар Иран нарығының бидай, арпа және майлы дақылдарды қоса алғанда, астық өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыруға дайын", - делінген хабарламада.
Жалпы өткен жылдың 11 айында Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіптік тауарлардың айналымы 25%-ке артып, 186 млн долларға жетті.
Сондай-ақ тараптар "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық дәлізі шеңберінде жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге ниетті. Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қазақстан (Ақтау, Құрық) және Иран (Анзали, Әмірабад) порттарының терминалдарын жаңғырту перспективалары қаралды.
Жаңалықтар
0