Қазақ-өзбек шекарасында көліктерді өткізу үш айға тоқтатылады

© Photo : Пресс-служба ДГД Мангистауской области
Жазылу
Бұл шешім Өзбекстан тарапымен келісім бойынша қабылданған
АСТАНА, 28 қаңтар – Sputnik. Қазақ-өзбек шекарасында адамдар мен көліктерді "Тәжен" өткізу пункті арқылы өткізу үш айға тоқтатылады.
Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті бұл шешім Өзбекстан тарапымен келісім бойынша қабылданғанын хабарлады.
"2025 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасында орналасқан "Тәжен" кеден бекетінің өткізу пункті арқылы жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және 3,5 тоннаға дейін жүктемелейтін автокөліктерді өткізу үш айға тоқтата тұратынын хабарлайды. Бұл терминалды күрделі жөндеу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге және жалпы "Тәжен" өткізу пунктін жаңғыртуға байланысты", - делінген хабарламада.
Бұл ретте адамдар мен көліктер мына өткізу пункттері арқылы өте алады:
"Б.Қонысбаев" (Қазақстан) – "Яллама" (Өзбекстан) өткізу пункттері (жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және 3,5 тоннаға дейін жүктемелейтін автокөліктер);
"Қапланбек" (Қазақстан) – "Зангиота" (Өзбекстан) өткізу пункттері (жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар);
"Сырдарья" (Қазақстан) – "Малик" (Өзбекстан) және "Целинный" (Қазақстан) – "Ок олтин" (Өзбекстан) өткізу пункттері арқылы (жеңіл автокөлік құралдары, жеке тұлғалар).
Бұдан басқа, "Тәжен" өткізу пунктінің Маңғыстау облысындағы "Бейнеу" теміржол станциясына жақындығын ескеріп, жеке тұлғалардың шекарадан өтуін халықаралық жолаушылар тасымалдау поездары арқылы теміржол көлігімен жүзеге асыруға болады.