Алматы облысында тұрғындар жол мен жарыққа шағымданып отыр

© Айдана ДайыроваАлматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылы
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылы - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.01.2025
Жазылу
АЛМАТЫ, 26 қаңтар - Sputnik. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылының тұрғындары жол мен жарыққа шағымданып отыр. Ауыл тұрғындарының базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Түрген ауылында ресми тіркелген тұрғын саны 14 мыңнан асады, жазға қарай тіпті 20 мыңға жетеді. Бұл ауылға күніне бір отбасы қоныс аударады. Әсіресе ауылға көшіп келіп жатқандар Алматыда жер сілкінгенде көбейген. Бұл ауыл тау етегінде орналасқан. Өмір сүруге қолайлы, тұмса табиғаттың ортасында. Десе де, Түргеннің тұрғындарын жол мен жарық қынжылтады.
"Ауыл үлкейіп кетті. Жасалмай жатқан жолдар көп, жарықтандырылмағаны қаншама. Балалар сабақтан қайтқанда қиын. Жылына бір ғана көшені жасап қояды. Бір ғана мысал Пушкин деген көше, не жарық, не жол жоқ", - дейді түргендіктер.
Ауыл халқының бұйымтайын әкімдіктен сұрап көрдік.
"Біздің ауылда 52 ауыз су құбыры бар, соның жартысы ғана жаңа. Оған республикалық бюджеттен үлкен қаражат бөліну керек болып, біраз уақыт жасалмай тұрып қалды. Биыл сол ескі құбырларға 2 млрд-тан астам ақша бөлінді. Қазір мердігер көшелерді қазып, су құбырларын жасап жатыр. Жаңағы жасалмады деген жолдарда су тартылып жатыр", - дейді Түрген ауылы әкімінің орынбасары Жұлдыз Іскелдиева.
Су құбырлары жаңартылмай Түргенде көше жасалмайды. Жалпы бұл ауылдағы су құбырлар 1960 жылы салынған. Әкімдік былтыр 3,5 шақырым болатын 6 көшені жасатқан. Қаражат болса халықтан аянып қалмаймыз дейді. Айтпақшы, Түргеннің халқы әкімдеріне разы, өйткені бұған дейін ешбір ауыл басшысынан көрмеген жақсылықты осы әкімнен көрдік дейді.
"Мүгедек балалардың, қарттардың көңілін аулап, мереке ұйымдастырады. Егер ауылда жол мен жарық болмаса, демек жоғары жақ ақша бөлмей отыр. Ал қазір әкімдік қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр", - дейді түргендіктер.
Бір қызығы, бұл ауылда былтыр жаңа сайланған әкім жарты жылдан соң денсаулығына байланысты қайтіп жұмысқа шықпаған. Қазір Түргеннің әкімдігінде әкім орынбасары мен екі қызметкер, қысқасы үш әйел қызмет етіп жүр. Түргендіктердің қамын үш нәзік жанды жасап жатыр. Таудан аққан қар суынан қауіп төнсе де жүгіретін үш әйел.
"Негізі жасалатын жұмыс көп, жасаймыз да. Адам көп шоғырланатын аулаларға бейнебақылау камераларын қоямыз. Ауыл сыртында заңсыз қоқыс төгілген жер бар, сол жақты тазартамыз. Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасатамыз. Көшелер жарықтанады. Бізде мықты өнеркәсіп орындары да бар. Жағдайымыз жаман емес, Түрген түбі өте мықты ауыл болады, мен оған сенімдімін", - дейді ауыл әкімінің орынбасары Жұлдыз Іскелдиева.
Жаңалықтар
0