Оқушыны дәретханада ұрып өлтірді – сот үш жасөспірімге үкім шығарды

© AP Photo / Jean-Francois BadiasСудебный молоток, архивное фото
Судебный молоток, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.01.2025
Жазылу
АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысында мектеп дәретханасында оқушыны ұрып өлтіргені үшін айыпталған үш жасөспірімге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Байзақ ауданындағы Құмжота ауылы мектебінің жоғары сынып оқушылары дәретханада 8-ші сынып оқушыларын жинап, өз нұсқауларын орындауды талап еткен. Оларды кеуде тұсынан жұдырықпен ұрып шыққан. Сол кезде бір оқушы кеудесінің сол жақ бөлігінен алған соққының салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
"Үш жасөспірім адам өліміне әкеліп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша жауапқа тартылды. Прокурор баланы ұрған жасөспірімді 6 жыл 8 айға, оны айдап салған досын 8 жылға, ал үшінші оқушыны 1 жылға бас бостандығын шектеуді сұрады. Үшеуі өз кінәсін ішінара мойындады", - деп жазылған хабарламада.
Сот екі жасөспірімді 6 жыл 8 айға бас бостандығын айыруға, ал үшіншісінің бас бостандығын бір жылға шектеуге шешім шығарды. Бұдан бөлек, түрмеге баратын екі оқушының заңды өкілдерінен жалпы 11 млн теңгенің моральдық өтемақысы өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Ал марқұмның анасы сот үкімімен келіспей отыр. Ол үшінші жасөспірімді де түрмеге қамау қажет дейді. Сондықтан апелляциялық шағым түсіруге мүдделі.
Жаңалықтар
0